Жаңаөзендік жастар қаладағы мәдениет саласына жан бітіруді қалап отыр. Бұл туралы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесте ұсыныс айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қоғамдық кеңесте Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзаида Төлеуғалиева жастар арасында 2 000-ға жуық мәдени шара өткенін тілге тиек етті. Бірақ көбі Ақтау қаласында ұйымдастырылған. Сондықтан Жаңаөзен қаласы мәслихатының депутаты Асқар Ноғай келесі 2022 жылы жаңаөзендіктердің басын біріктіретін мәдени және спорттық шараларды жиі өткізу керек екенін айтты.
Асқар Ноғайдың айтуынша, Жаңаөзен қаласында республикалық айтыста бақ сынап жүрген айтыскер көп. Дегенмен «Жаңаөзенде айтыс өтті» дегенді естімейді. Ал облыста өтетін айтысқа жаңаөзендік ақындарды шақырмайтынын жеткізді.
«Айтыс жыл сайын жоспар бойынша ұйымдастырылады. 2022 жылы да айтыс жоспарда бар. Бірақ нақты қайда өтетінін айта алмаймын. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласынан да айтыскерлер шақырылатын болады», - деді Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзаида Төлеуғалиева.
Сонымен қатар ол 2022 жылы Жаңаөзенде театр труппасы ашылатынын айтты. Айтуынша, бюджеттік өтінім берілген, сол арқылы Жаңаөзенге қаржы бөлінсе, труппа өз жұмысын бастайды. Бірақ труппаның қайда, яғни Мұнайшы мәдениет үйіне немесе облыстық Н. Жантөрин театрына қарайтыны әзірге белгісіз.
Жаңаөзендегі жастардың тағы бір мәселесі – кітапхана. Қоғамдық кеңестің төрағасы Наурызбек Мағдатов кітапхананың күйі көңіл қуантпайтынын жеткізді. Айтуынша, ғимарат ескі, сырты жұпыны, іші жылусыз.
Бұл ретте Гүлзаида Бектұрқызы Жаңаөзендегі кітапхананың ғимараты қайта салынатынын алға тартты. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға жоспарланып отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА