Маңғыстауда «Білім мен еңбек - бақуатты өмірдің кілті» тақырыбында конференция өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұғалімдермен кездесуге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Ресей федерациясының МИСиС университетінің онлайн оқыту бойынша директоры Нұрлан Қиясов,
«BTS Education» компаниясының бас директоры Саясат Нұрбек пен Yessenov университетінің ректоры Берік Ахметов келіп, білім беру ісіне жаңа тәсілдер мен тың технологияларды енгізу жайын талқылады.
Нұрлан Ноғаев облыстағы білім сапасын арттыру үшін өңірлік үйлестіру кеңесін құруды ұсынды.
- Қазір бой емес, ой жарыстыратын бәсекелестік заманы. Сәйкесінше, ұстаздарға зор жауапкершілік артылып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу міндеттеліп отыр. Десек те облыстағы білім сапасын көтеруге бәріміз жауаптымыз. Елбасының 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясында келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдары қамтылған. Мемлекет басшысының білім сапасын көтеру жөніндегі тапсырмалары бар. Осы орайда өңірлік үйлестіру кеңесін құру қажеттігі туындап отыр. Онда сала ардагерлері, білім беру ісіне жауапты азаматтар осы саладағы мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын бірге қарастырамыз. Сапалы білім балаларымыздың болашағы үшін аса маңызды,-деді Нұрлан Ноғаев.
Жиында сондай-ақ білім беру саласының қызметкерлері аймақ басшысымен және жиын қонақтарымен “ашық микрофон” форматында пікір алмасып, көкейлеріндегі бар сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Шара соңында облыс әкімі Тәуелсіздік жылдары шәкірт тәрбиелеу ісіне зор үлес қосқан ұстаздарды марапаттады.
50-ге жуық педагогке «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі, ҚР Білім және ғылым министрінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі және «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісі» мен құрмет грамоталары табысталды.