Мұнай компаниясының жүк тиегіш көлігінің жүргізушісі Орал қаласында өткен гір тасын көтеруден ҚР кубогында үздік атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа елдің әр өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысты. +95келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айдын Ахметов Маңғыстау облысының намысын абыроймен қорғады.
Айдын 10 жылдан бері кен орнында 5-ші автотізбектің тиегіш көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Спортшы мұнай саласындағы негізгі қызметімен қатар, гір тасын көтерумен кәсіби деңгейде шұғылданып жүр.
«Гір тасын көтеру спортына жұмыс орнымда өтетін жарыс кезінде қызығушылық таныттым. Әр жеңісіме жаттықтырушым әрі әріптесім - №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаевтың сіңірген еңбегі зор. Жұмыстан тыс спорттағы жетістіктеріме әрдайым қолдау көрсететін басшылыққа алғысым шексіз»,- деді Айдын Ахметов.
Гір тасын көтеруден ел чемпионының келер жылға жоспары айқын. Ол енді Азия және Әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуға дайындалып жүр.