Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 5 жылда 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кешенді жоспар 214 іс-шарадан тұрады, оның ішінде экономиканы дамыту аясында – 87, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша – 48, әлеуметтік сала мен экологияда 66, азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде 13 іс-шара қарастырылған.
Кешенді жоспардың жалпы бюджеті 2,1 трлн. теңге. Оның ішінде 71% жеке инвестицияның үлесі (бюджеттік қаражаттың көлемі 457 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет – 339 млрд. теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд. теңге).
Кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы өңірдегі келесідей нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:
- 2025 жылға қарай облыстың жалпы ішкі өңірлік өнімінің көлемін 3,1 трлн.теңгеден 4,1 трлн. теңгеге дейін ұлғайту;
- 2025 жылы өңірге келетін туристер санын 750 мыңға дейін арттыру;
- Халықтың нақты табысын ұлғайту.