Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы полиция департаменті бөлімшелерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы алдымен облыс орталығында 1973 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан полиция департаментінің емханасымен танысты. Қазіргі уақытта онда 24 кабинет жұмыс істейді. 29 медициналық қызметкер бар. Соңғы жылдары емханаға озық үлгідегі заманауи аппараттар алынып, құрал жабдықтары айтарлықтай жаңартылды. Емханаға 8 500-ден астам адам тіркелген, оның ішінде 2 200-і полиция департаментінің қазіргі қызметкерлері. Қалғаны - ішкі әскери қызметшілердің, қаржы полициясының, өртке қарсы қызметтің, прокуратураның, кеден қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері. Сондай-ақ, емхананы кеңейту мақсатында 25 төсектік госпиталь салу үшін жобалық сметалық құжат әзірленуде.
Сонымен қатар, аймақ басшысы тәртіп сақшыларының бастамасы бойынша қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полицейлерге ескерткіш тұрғызылған облыстық полиция басқармасының бас ғимаратына барды.
Осыдан кейін өңір басшысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Бүгінгі күні облыс орталығында орналасқан 726 сыртқы бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, ағымдағы жылы бейнекамералар 21 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға және уақтылы жолын кесуге мүмкіндік берді, 273-ке жуық қылмыс ашылды. Айта кетсек, жедел басқару орталығы адамдар көп жиналатын орындарды бақылауға, жаяу полицияның және автопатрульдерінің іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді, сонымен қатар бейнекамералар құқық бұзушылықтың алдын алуда маңыздылығы зор.
Нұрлан Ноғаев облыс әкімдігі жедел басқару орталығын жабдықтау үшін бейнебақылау камералары мен басқа да заманауи техниканы қосымша сатып алуға жәрдем көрсететінін атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыстық полиция департаментінің басшылығына бірқатар тапсырма беріп, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін полиция департаменті бөлімшелерінің қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған басты міндеті - азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Біз өз қызметін абыроймен атқарып жүрген барлық полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан батырларға құрмет көрсетеміз, - деді Нұрлан Ноғаев.