Жаңаөзенде «Марқакөл мен Маңғыстаудың арасы» атты патриоттық бағдарламасы аясында ақын Алмас Ахметбекұлының «Алтай-Сауыр Адай күйге жаңғырып» атты шығармашылық кездесу кеші өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шара Жаңаөзен қаласының «Мұнайшы» мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Маңғыстау мұнайының 60 жылдығына орай ұйымдастырылды. Кеш барысында Алмас Ахметбекұлының «Көк тудың желбірегені» әнін Нұржан Дауылбаев орындады. Қала әкімінің орынбасары Ғ. Байжанов пен «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Айтқали Башенов ақынды құттықтап, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның алғысын табыстап мен шапан кигізді.
Ақынның бірқатар өлеңін жаңаөзендік белсенділер орындап шықты. Ал жас ақын Тілеген Әли кештің әсерімен Алмас Ахметбекұлына өлең арнады. Ақынмен бірге келген қонақ, Н. Тілендиевтің шәкірті Еркін Ергенұлы Махамбеттің «Жұмыр қылыш»,«Огинскидің полонезі», Құрманғазының «Адай» күйін тартты. Халықтың сұрауымен ақын Алмас Ахметбекұлы сахнаға екінші рет шықты.
Бұл кешке қаланың ардагерлері, ақын, жыршы-термешілері арнайы шақырылды. Ақын Алмас Ахметбекұлы жолға шығар сәтте ризашылықпен «Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-не өз кітаптарын табыстады.