Ақтаудағы №25744 теңіз жаяу әскери бөлімінде әскери борышын атқарған қызылордалық Ринат Жеткергенов үйіне есінен адасқан күйде оралған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әскери борышын өтеуге Қызылорда облысының Арал ауданынан сап-сау кеткен 19 жастағы Ринат Жеткергенов үйіне есінен адасқан күйде оралыпты. Ринат әскери борышын өтеген Ақтау қаласындағы №25744 теңіз жаяу әскери бөліміндегілер « балаларыңыз сәл ауырыңқырап тұр, күтіп алыңыздар» деп ескерткен. Туыстары әскерден енді оралған баланың түрін көргенде абдырап қалған. Сөздерінше, пойыздан түскенде Ринаттың үстінде жыртық киім, аяғында жаздық аяқ киім болған.
Қазір ол тіпті ата-анасын да танымайды. Кейде өзінің не айтып отырғанын да білмей қалады дейді туыстары. Ал ата-анасы Ринат әскери шенділердің қорлығынан кейін өте ауыр жағдайға түскен деп топшылайды. Сөздерінше, әскери қызметкерлер сарбазды казармада аяусыз ұрып-соғып, әбден қинап, басына зақым келтірген.
Әскерден оралғалы бері жақындарына маза бермей, өзімен-өзі үйіндегі мүліктерді қиратып, астан-кестеңін шығарады екен. Әкесіне де бірнеше рет қол көтерген.
Жігіт жақындарын танымай, сандырақтап, сөйлей береді дейді туыстары.
Ринат ара-тұра есіне түскенде әскерде жүріп өзінің қатты қысым көргенін айтқан. Қайтар алдында сегіз күн бұрын төрт әскери қызметкер өзін жабылып ұрып, тіпті құлағын тесіп келеке қылғандарын да айтыпты.
– Құлағын тескен, құлағында жарақаты тұр. Мен сені қыз қыламын, әйелім қыламын деп мазақ еткен. Өте қатты қиянат көрсеткен. Ринат жылап тұрып шындығын айтты. Ұйықтамайды, сандырақтап сөйлей береді, - дейді Ринаттың ағасы Бахтияр Нағашыбаев.
Қызылорда облысындағы дәрігерлер жігіттің қатты соққыдан миына зақым келді деген қорытынды жасапты. Ал №25744 теңіз жаяу әскери бөліміндегі командир орынбасары Ринат Шарипов жас жігіт әскери борышын жақсы өтеп, үлгілі сарбаздар қатарында болды дейді. Дегенмен, ұру-соғу болған жоқ деп отыр. Жауынгердің мұндай жағдайға душар болғанын естіп, әскери бөлімдегілер де таң қалды. Екі күннен бері әскери бөлімде тексеріс жүріп жатыр.
Қатар қатардағы жауынгер Ринат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына ешқандай шағым жасаған жоқ. Қазір тексеріс жүріп жатыр, барлық сұраққа құзырлы органдар жауап береді, - деді №25744 теңіз жаяу әскери бөліміндегі командир орынбасары Ринат Шарипов.
Ал ата-анасы кінәлілер Ринатты ауруынан айықтырып берсін деген талап қойып отыр.
Махаббат Нұржанқызы