Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің күнделікті тындырып жүрген жұмысы көбіне көріне бермейді. Кез келген іске жауапкершілікпен қарайтын құтқарушылардың басты ұстанымы танымалдық емес, адам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өмірін сақтау. Құтқару мамандығы өте қауіпті, себебі басқалардың өмірі үшін өз басыңды қатерге тігуге тура келеді.
Сонымен қоса бұл қажетті және мәртебелі мамандық. Ал құтқарушылар болса, «біз бар болғаны азаматтық борышымызды өтеп, міндетімізді орындап жүрміз» дейді. Иә, қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созу – олардың міндеті.
Құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментіндегі өрт сөндіру қызметімен танысқан едік. Бұл жерде күніне бірнеше мәрте оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі екен. Кәсіби мереке күніне орай керемет мерекелік іс-шаралар жоспарланбаған. Себебі шақырту ойламаған сәтте, кенеттен болған кезде әр маман өз қызмет орнында болуы керек.
Мәселен, биыл құтқарушылардың көмегімен 16 адам құтқарылып, 374 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Олар үшін қызыл жалынды ауыздықтаудан бөлек, алдын алу шарасы да маңызды. Әр түрлі нысандарға күндіз-түні рейд жұмыстары жүргізіліп, түсіндіру шаралары өтеді. Олар жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында өрт тұтануына жол бермеуге, сонымен қатар күмәнді заттар немесе жарылыс қаупі бар заттардан сақтануды, назар аударуды түсіндіреді. Ал, жаз айларында суға түсушілердің көбейетіні белгілі. Ол кезде де қызу жұмыс болады.
20 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар Валентина Зайцева жас құтқарушылар үйірмесін жүргізеді. Мұнда апта сайын мектеп оқушылары келіп, мамандардың жұмысымен танысады, жұмыс барысын өз көздерімен көріп, тамашалайды. Олар экскурсияны өрт сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан құтқарушылар тақтасына гүл шоқтарын қою рәсімімен бастайды. Содан кейін әр түрлі техникалармен танысып, арнайы музейді аралайды.
- Мақсат – мектеп оқушыларын осында жиі алып келіп, құтқарушылардың қызметімен таныстыру, мектепте, үйде өрт қауіпсіздік қағидаларын ұстануға баулу. Осындай іс-шаралар олардың өрт-техникалық білімін кеңейтуге, адам өмірін сақтауда жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған. Сырттай қараған адамға өрт сөндірушілердің жұмысы оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда, солардың ортасында жүріп бұл мамандықты құрметтеу қажеттігін, жас ұрпаққа маңыздылығын жеткізу керек екенін түсіндім. Әр шақыртуға көз ілеспес жылдамдықпен жиналып кетіп бара жатқан құтқарушыға қарап, талмас еңбектің, шыдамдылықтың нәтижесін көремін. Осы мамандықты таңдайтын жастардың көп боларына сенемін. Себебі, келген бүлдіршіндер көздері жайнап, мамандарды сұрақтың астына алады, - дейді Валентина Зайцева.
Педагогтың айтуынша, үйірмеде құтқару қызметкерлері жайлы сурет салу, эссе және өлең жазу сияқты байқаулар жиі өткізіліп, тілсіз жаумен алысқан батырлардың ерлігі насихатталып тұрады.
Ал, құтқару қызметінің мамандары күн сайын ашық алаңда бірнеше сағаттық оқу-жаттығу жұмыстарын өткізеді. Олармен арнайы спорттық дайындықты жүргізетін бапкер, №2 өрт сөндіру бөлімінің инженері Айдын Шакенов өрт сөндірушілер спорттық сайыстарға да жиі қатысып тұратынын айтады. Нағыз ер азаматтарға, жүректілерге ғана тән бұл мамандық үлкен батылдықты талап етеді. Өртті тез сөндіру үшін, ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет. Сондықтан, физикалық дайындықты үзбеу керек.
- Биыл Атырауда өткен «Өрт сөндіру құтқару спорт федерациясы» кубогында Маңғыстау командасы 3-орынды иеленді. Қостанайда өткен XXVII Республика чемпионатында күмісті қанжығаға байлады, - дейді ол.
Қазір облыс бойынша 43 құтқарушы жұмыс жасайды. Олардың ішінде алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандар, психологтар мен кинологтар да бар. «Суға батқан адамды алып шыққанда ең маңыздысы – адамның жарақат алып қалмауын басты назарда ұстау. Себебі, бір оқыс қимыл қателікке алып келуі мүмкін», дейді суда құтқару жұмыстарын еске алған олар.
- От пен суға түсіп, тілсіз жаумен арпалысқан маман иелерінің қызметі ерлікпен пара пар. Техникалық құралдар жетіліп, дамығанымен, бұлар ешқашан адамды алмастыра алмайды. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінде ата, әке жолын қуып осы саланы таңдаған жастар көп. Олар әулетінің, әкесінің атына кір келтірмеуге тырысады. Мамандықпен емес, маманның шеберлігімен, мамандыққа деген сүйіспеншілікпен мақтануға болады. Мамандықты жүрек қалауымен таңдай білген дұрыс. Құтқарушы үшін ең басты қасиет – мейірімділік. Маңғыстаулық құтқарушылар осы атақты абыроймен алып келе жатыр - дейді Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, подполковник Мұрат Мұханов.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН