© Фото интернеттен алынды
Жыл басынан бері облыстағы өндірістік кәсіпорындарда 31 жазатайым оқиға болды. Одан 31 адам ауыр жағдаймен зардап шексе, 2 адам қайтыс болған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы еңбек инспекциясы басқармасы басшысының м.а Нұралы Баулыбаевтың мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 269 заң бұзушылық анықталған.
«Оның ішінде 132-і қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеген. Жұмыскерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды және нұсқама беруді ұйымдастыру талаптарын бұзу 38 рет анықталды. Сонымен қатар жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киім және аяқ киіммен қамтамасыз етпеуі 45 рет тіркелді. Ал еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі құжаттамамен қамтамасыз етпеуі 54 рет кездесті», - дейді ол.
Оқи отырыңыз: Кәсіпорынның көбі ақылы еңбек демалысын уақытылы бермейді
Оның айтуынша, енді жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру жүргізу барысында қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін объектілерге, учаскелерге және жабдықтарға көп көңіл бөледі. Сонымен қатар қызметкерлер мен жұмыс берушілердің еңбек және өндірістік тәртіпті сақтауына, қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды қолға алады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА