Маңғыстау облысының еңбек инспекциясы басқармасына шағын және орта кәсіпкерлерге қатысты арыз-шағым жиі түседі. Бірақ мамандар кәсіпкерлерге тексеру жүргізе алмайды. Сондықтан кәсіпкерлік саладағы заң бұзушылықтарға қарсы шара тек түсіндірме жұмыстарымен ғана шектеледі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы еңбек инспекциясы басқармасы басшысының м.а Нұралы Баулыбаевтың айтуынша, еңбек қатынастары бойынша ақылы еңбек демалысының уақытылы берілмеуі, жалақының төленбеуі және жұмысқа қабылдау кезінде жұмыскермен еңбек шартын жасақтамауы немесе жасақталған еңбек шартының заңға сәйкес келмеуі, үстеме жұмыс, заңсыз жұмыстан босату сынды заңбұзушылық көп. Осы ретте арызданушының мәселесі облыстағы медиаторлардың араласуымен және жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастыру арқылы шешіліп жатыр.
«Еңбек инспекторлары жыл басынан бері 57 кәсіпорында ҚР Еңбек Кодексінің соңғы өзгерістері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алайда облыстағы кейбір кәсіпорын еңбек инспекторының нұсқамасымен немесе акттерімен келіспейді. Бұл ретте жыл басынан бері 28 сот отырысы өтті», - дейді басқарма басшысының м.а Нұралы Баулыбаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 689 заңбұзушылық анықталған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА