Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылында бір мезетте 50-ге жуық науқасты қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Дәрігерлік амбулатория заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Емделушілерге арналған ультрадыбыстық, рентген зерттеулері мен зертхана және тіс емдеу кабинеті бар. Барлығы 40-тан астам кабинет жұмыс істейді. Орталықта 26 маман еңбек етеді. Жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілген.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй балконында қоқыс жанып кеткен
Медициналық нысанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қаражат бөлінген. 2020 жылдың аяғында құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінгі таңда Қызылсай ауылдық амбулаториядасында 5 088 адам тіркелген. Бұған дейін тұрғындар апаттық жағдайдағы медицина орталығына барып, емделіп жүрген.
«Дәрігерлік амбулатория Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында іске қосылды. Ауыл халқының өсуі мен бала туу көрсеткішін ескере отырып, осы жобаны жүзеге асырдық. Енді Қызылсай ауылының тұрғындары қалаға бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті ауылдан ала алады», - деді Жанаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров