«Елдестірмек елшіден» деген ежелден құнын бір сәт те құлдыратпаған, барлық халықтар үшін бейбітшіліктің туын көтеріп келе жатқан бағалы сөз бар. Оның мәні қашаннан көрші отырған, түбі бір түркі, тілі мен діні тамырлас туысқан қазақ пен түрікмен халықтары үшін одан да қадірлі. Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойын биыл атап өтетін Қазақстан мен Түрікменстанның достық қарым-қатынастары осы уақыт ішінде бұрынғыдан да нығайып, жаңа деңгейге ұмтылғаны қуантады, келешекке деген сенімді нығайта түседі.
Бауырлас екі мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердымухамедовтың тарапынан қызу қолдау тапқан тату көршілік, экономикалық, мәдени байланыстарды одан әрі дамытып, ортақ мүддеге сай серпін беру ісіне екі елдің елшілері де зор үлестерін қосып келеді. Жақында ғана бейтарап Түрікменстанның Аваза туристік аймағында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі халықаралық маңызды шара болғаны белгілі.
Соңғы кездері бұл үрдіске аймақтардан ашылған консулдықтардың қызмет етуі де оң ықпалын тигізуде. Атап айтқанда, Ақтаудан Түрікменстанның консулдығының ашылып, өз қызметін өрістетуі соның анық айғағы бола алады. Осы ретте екі ел арасындағы достық, әріптестік, ниеттестік қарым-қатынастардың ырғақты дамуына ерекше еңбегін сіңіріп, аймақ баспасөзімен тығыз байланыс орнатып жүрген Ақтаудағы құрметті консул Мухамметнур Овезовтың атына ақ ниетпен алғыс айта отырып, 27 қазанда атап өтілетін Түрікменстанның Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Қазақ және түрікмен халықтарының рухани атасына айналған жарық жұлдыздары ұлы Абай мен Мақтымқұлы Пырағының өшпес өсиеттерінен нәр алатын тарихи тамырластығымыз кеше, бүгін және ертеңге де нұрлы сәулесін төге береді деп сенемін.
Сан сынақтардан сүрінбей өтіп келе жатқан Тәуелсіз бейтарап Түрікменстан халқына өсіп-өркендеу, өзіңізге зор денсаулық, мол табыстар тілеймін!
Құрметпен, Айсұлу Дутбаева, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры