Бүгін Ақтау қаласының әкімі Н.Қилыбай «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінен өтіп, облыстық кезеңде лауреат атанған Бегендіковтер және Дүйсеновтер отбасын марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған ұлттық байқау Елбасының жарлығымен 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
Облыстық кезеңде лауреат атанған ақтаулық Дүйсеновтер отбасы салауатты өмір салтын берік ұстанған. Әкесі Әлібек спорттық-мәдени және қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушысы, ал, отанасы Жаннат Нарынова фитнес және йога жаттықтырушысы. 7 балалы жас отбасы 2018 жылдан бері республикалық көңілді тапқыштар алаңында өнер көрсетіп келеді.
Ал музыканы жанына серік еткен Бегендіковтер отбасы Маңғыстау өнер колледжінің қызметкерлері. Ерлан мен Айнажанның балалары Күмісбек, Өнербек және Шаттыбек түрлі халықаралық, республикалық және облыстық өнер байқауларының жүлдегерлері.
«Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық», - дейді Ерлан Бегендіков.
Қала әкімі Н.Қилыбай өнерлі отбасыларды құттықтап, «Қазақ халқында «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - деген бар. Жан-жағына үлгі болып отырған, мерейлі отбасылардың қоғамды тәрбиелеуде маңызы ерекше. «Тату-тәтті отбасының негізін қалай беріңіздер», - деп, жылы тілегін білдірді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан арнайы диплом мен Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырмасы аясында қаржылай сертификат табыстады.