Жаңаөзен халқы қаланы қоқыстан арылтып, таза ұстауға атсалысуда. Жақында ашылған эко пункттің арқасында мектеп жасындағы балалар да далада шашылып жатқан қалдықтарды жинап, тазалыққа үлес қосуда. Эко пункттің мақсаты да сол - экологиялық мәселелерге оң ықпал ету.
- Осы жобаның идеясы 2019 жылы қағазға түсті. Міне, биыл жүзеге асып жатыр. Ашылғанымызға енді бір ай болады. Осы бір айдың ішінде тұрғындар тарапынан бізге 15 тонна қалдық тапсырылды. Оның 50%-ы қағаз, қораптар, 37%-ы пластик, 13%-ы аллюминнен жасалған банкалар. Осы қалдықтарды жинап, еліміздің өзге өңірлерінде орналасқан қайта өңдеу зауыттарына жібереміз. Қазақстанда қағаз, пластика өңдейтін зауыттар ашылып жатыр. Бұл - еліміз үшін де, тұрып жатқан қаламыз үшін де тазалыққа, экологияға пайдасын тигізетін жақсы жоба, - дейді эко пункттің басшысы Бекжан Жәдігерұлы.
Сыртта сусындардан босаған түрлі банкаларды жинап, эко пунктке әкеле жатқан 6-8 жас аралығындағы балаларға көзіміз түсті. Қалдықтарды еңбектеніп жинап, қаланың тазалағына үлес қосып жүрген бүлдіршіндердің бұл әрекеттері сырт көзді сүйсіндіреді. Олар осылай еңбек етіп, күніне 600 теңге көлемінде табыс табады екен. "Болар бала бесіктен" деген осы болса керек. Қоқысты қабылдаушы апай да "Балалардың болашақ кәсіпкер болатыны қазірден байқалып тұр", - дейді.
- Картон, қағаз, мұқабасы мен архив кітаптар келісіне 20 теңге, алюминий банка келісіне 80 теңге, жоғарғы қысымды полэтилен пленка, әртүрлі тауарды орайтын созылмалы пленка, жуғыш құралдың сырттарына 30 теңге, ал бөтелке, шыны банка, ұн, секер қаптары келісіне 5 теңгеден береміз. Қала халқы күніне 200 кг мен 1 тонна арасында қалдықтар тапсырып отыр, - дейді Б.Жәдігерұлы.
Айгүл Орынбаева
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН