Бүгін Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджиді қабылдады. Кездесу барысында сауда-экономикалық, туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық және басқа да мәселелер талқыланды.
Маңғыстау облысы мен Түркия байланысының қайта жаңғыруына әрі өрлеуіне екі ел арасындағы мәдени-рухани үндестік пен еліміз Тәуелсіздік алғалы бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастықтың ықпалы ерекше. 2021 жылдың 5 ай көрсеткіші бойынша Маңғыстау облысы мен Түркия арасындағы тауар айналымы 41 млн. АҚШ долларын құрады. Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларында түрік капиталының қатысуымен 86 кәсіпорын тіркелген, атап айтқанда бағалы металдар мен асыл тастардың сынықтарын көтерме сауда, тау-кен өндіру саласы мен азаматтық құрылыс техникаларын көтерме сауда, құрылыс тасын өндіру, құрылыс, мейрамхана және тамақ өнімдерін жеткізу бойынша қызметтер және туристік бағытта қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, бүгінде түрік инвесторларының қатысуымен 100 миллиардтан астам теңгенің жобасы жүзеге асырылуда.
«Бүгінде Түркияның Ақтаудағы бас консулдығы екі ел арасын жалғар алтын көпір, байланыс арқауын нығайта түсер ұйым ретінде өте маңызды саяси рөлді атқарып келеді. Екі ел арасындағы ымыралы ынтымақтастық пен тасбекем татулық негізінде өрбіген жан-жақты байланыс болашағы жарқын, даму көкжиегі зор елдердің серіктестік арнасы алдағы уақытта да кеңи түсеріне сенім мол», - деді облыс әкімі С.Трұмов.
Өңір басшысы Маңғыстау облысы Түркиямен екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі белсенді дамытуға дайын екенін айтты. Әкімдік өз кезегінде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасай отырып, кез келген бірлескен бастамалар мен іс-шараларды жүзеге асырады.