Жол – экономиканың күретамыры. 2021 жылы Маңғыстауда 245 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Серікбай Трұмовтың айтуынша, оның ішінде жылдар бойы жөндеу көрмей, тозығы жеткен «Құрық-Жетібай» автожолы күрделі жөндеуден өткізілуде. 69 шақырым жол талапқа сай етіп қайта салынады.
«Маңғыстау облысының туристік кластерін дамыту мақсатында Ақтау әуежайынан жылы жағажайға дейінгі 30 шақырымды қамтитын автожолды қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, биыл ауылішілік жолдарын жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы 3,1 млрд. теңгеге 102 шақырым жол салынып, орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы бұл жұмыстарға биыл бюджеттен 16,4 млрд. теңге бөлінді», - деді С.Трұмов.
Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде өңірдегі автомобиль жолдары сапасының үлесін 95%-ға жеткізу көзделіп отыр. Өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамытуға күш салынып келеді.
Сондай-ақ, Маңғыстауда әуе жолы арқылы сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында Үкіметтің қолдауымен биыл 4 халықаралық жаңа әуе рейсі ашылды. Олар «Ақтау-Үргеніш», «Ақтау-Горган», «Ақтау – Рас Эль Хайм» (БАӘ) және «Ақтау-Нүкіс» бағыттары.