Маңғыстау өңірі – инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарында. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, облысқа тартылған инвестиция көлемі 5 айда 12,9%-ға артып, 216,1 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл облыста 270 млрд. теңгеге жуық қаржыға 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 2600 адамды жұмыспен қамту көзделген.
«Өңірге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймағының үлесі зор. Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінде бұл аймақта 19 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 1800-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 14 жобаны жүсеге асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 5 жоба осы жылға жоспарланған. Мемлекет басшысының арнайы экономикалық аймағының тиімділігі мен толымдылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасына сәйкес сапалы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда», - деді С. Трұмов.