Ақтауда көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасына ел мақтаныштарының ірі көлемдегі суреттері салына бастады. Алғашқы мурал - халық жазушысы Әбіш Кекілбаевқа арналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Суретті 4 шағынаудандағы 2 үйден көруге болады. Содан соң ақын Фариза Оңғарсынова мен Есенғали Раушановтың муралы салынады. Әр суретті бейнелеуге 4-5 күн кетеді.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мәңгілік алау ескерткішіне қарама-қарсы орналасқан үйлердің қасбетіне қазақтың үш батыр қызы - Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың суреті салынады. Жалпы қаладағы 10 үйдің сыртқы қабырғасында мурал пайда болады.
Бұл жұмыстарды Ақтау қаласының әкімдігі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Ел игілігі үшін” жобасы аясында орындап жатыр.