Бүгін «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезекті ХХХІII есеп беру сайлау конференциясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен аймақ басшысы, партияның облыстық филиалы төрағасы Серікбай Трұмов партия жарғысына сәйкес облыстық филиалдың сайланбалы органдары, яғни Саяси кеңесі мен Бақылау-тексеру комиссиясы өкілеттігінің мерзімі аяқталғанын атап өтті.
«Nur Otan» – нақты істер мен игі бастамалардың партиясы. Осы уақытқа дейін ел тұрғындары жетекші партияның қолдауын сезініп келеді. Партия қоғамдық қабылдаулар арқылы облыс тұрғындарының өзекті мәселелерін назардан тыс қалдырмай, нақты көмектер көрсетуде. Біздің басты міндетіміз – партиямыздың беделін көтеріп, ел азаматтарымен үнемі кері байланыс орнатып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын бақылау», - деді облыс әкімі.
Содан соң партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов есепті кезеңде атқарған және аяқталған партиялық жобаларға тоқталды.
«Есепті кезең ішінде облыстық филиалда 22 Саяси кеңес бюросының, 3 Саяси кеңестің отырысы және 5 конференция өтті. Партия саясатын жүзеге асыратын маңызды құрылым ретінде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын көтеруге басымдық берілді. 158 бастауыш партия ұйымының саны 102-ге қысқартылды. Былтыр Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылды. Республикалық «Birgemiz» қоғамдық қорынан өңірлік «Birgemiz - Mangystau» қорына 1 млрд 415 млн 200 мың теңге бөлінді. Осы ретте 28 304 мұқтаж жанға 50 мың теңгеден қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар есепті кезеңде «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы, «Кедергісіз келешек» жобасы, «Бақытты отбасы» жобасы бойынша шаралар өтті. Аталған жобалар барысында қарттар және балалар үйлеріне, жалғызбасты, мүгедек жандарға тұрақты көмек көрсетілді. «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету мақсатында Маңғыстау облысы бойынша 77,5 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберілді. «Jas Otan» жастар қанаты облыстың филиалының бастамасымен 100 волонтер жұмыс істеп 5 000 отбасыға азық-түлік пен жеке қорғаныш құралдарын таратты. Соңғы сайлау қарсаңында Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен былтыр 17 тамыз бен 3 қазан аралығында партияішілік іріктеу – праймериз өтті. Белгіленген мерзім ішінде 315 кандидат үгіт жұмысын жүргізді. Кандидаттардың үгіт жұмыстары барысында 775 аманат, ұсыныс түсті. Оның 57%-ы сайлауалды бағдарламаларға енгізілді. Есепті кезең ішінде Президент сайлауын, Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын нәтижелі өткіздік. 136 барлық деңгейдегі мәслихат депутатының 108–і «Nur Otan» партиясынан. Бұл 79,4%-ды көрсетеді. Облыстық резервте 23 адам бар. Аймақ бойынша партиялық тізім бойынша резервте тұрған 113 кандидат бар», - дейді Елубай Жақайұлы.
Оның айтуынша, биыл ел бойынша әрбір ауданды, әрбір қаланы дамытуға арналған жеке сайлауалды бағдарламалар жасақтау қолға алынған. Аймақтық «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының жол картасында 20 индикатор, 148 шара, 168 пункт қарастырылған. Сонымен қатар облыс және аумақтар бойынша «Жастар Отанға» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейінгі 8 жол картасы жасақталып, бекітілді. Жол картасына 13 индикатор, 39 іс-шара енгізілген. Сонымен қатар қазір облыстық филиалда 10 кеңес құрылып, жұмыс жоспары Саяси Кеңес бюросының қаулысымен бекітілді. Осы уақыт аралықта облыс бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 11 024 өтініш түскен. Оның ішінде 6 385 (58%) өтініш оң шешім тапқан.
Конференция соңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі мен Бақылау-тексеру комиссиясының құрамы сайланды.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ