Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қорының Маңғыстау облысындағы өкілдігі «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 372-ші үйдің кілтін табыстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты "Бекет ата" мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Игі шара барысында кәсіпкер Лиза есімді тұрғынның қиын өмірлік жағдайына (әкесінің мүгедек болуы, елімізге қандас ретінде оралуы) байланысты Мұнайлы ауданынан үй сатып алған. Бұл баспананы «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша табыстауды жөн көрді. Нәтижесінде ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы арнайы келіп, Лизаға баспана кілтін табыстады.
Қайырымдылық шарасына Мұнайлы ауданның бас имамы Руслан Сағынтайұлы, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
«Бұл отбасы осы уақытқа дейін туыстарының үйін паналап, бүгін міне өз баспанасына қол жеткізіп отыр. Ата-бабамыз «өз үйім – өлең төсегім» деп бекер айтпаса керек. Қуаныштарыңыз құтты, берекелі болсын. Мүбәрак айда қарындасымыздың арманының орындалуына қол үшін берген жомарт азаматқа зор алғыс білдіреміз. Алла жасаған жақсылығыңызды қабыл етіп, сауаптан жазсын!», - деді Әнуар қажы Ізімбайұлы.