Биыл Шығыс 2, 3 шағынауданындағы автомобиль жолының құрылысы басталады. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салынатын жолдың жалпы ұзындығы - 9980, 73 метр. Яғни шағынаудандағы 30 -ға жуық көшеге жол салынады деп жоспарланып отыр.
«Аталған жұмыстарды бастауға жергілікті бюджеттен әзірге бір бөлігі бөлінді. Сол себепті жолдың белгілі бір бөлігі жасалады. Тұрғындармен кездесіп, көлік ағыны көп жүретін, негізгі көшелерден бастауға келісім жасалды. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Мердігер мекеме - «Алтынжол Групп» ЖШС », - деді автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Бекасыл Алқамов.
Сонымен қатар жөндеу жұмыстары аясында 20 488 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланып отыр.