Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау өкілдігіне қарасты мешіттер Рамазан айының алғашқы жартысында 2 000 отбасыға азық-түлік себеттері мен ауызашар қоржындарын үлестірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты "Бекет ата" мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, игі шарада Ақтау, Жаңөзен қалалары мен облыстағы 5 ауданның мешіт имамдары, «Зекет» корпоративтік қоры және Жастар ісі секторының өкілдері, сондай-ақ құлшылық үйлерінің еріктілері белсенді қызмет етті.
«Берекелі ай басталғалы жергілікті мешіттер Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуіне үн қосып. «Ауызашар қоржыны», «Ауызашар қорабы», «Рамазан базарлығы» сынды акцияларды үздіксіз ұйымдастырып келеді. Осынау сауапты шараларға мұрындық болған дін қызметкерлері мен демеушілік көрсеткен қолы ашық, жүрегі жұмсақ азаматтарға алғыс білдіреміз. Алла сіздерге разы болсын! Рамазан айы баршамызға мүбәрак болсын, құрметті ағайын!» - деді ҚМДБ-ның Маңғыстау өкілдігі бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы.
Еске сала кетейік, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан қарсаңындағы үндеуінде: «Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандарға айтарым: ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болатынын қаперлеріңізге саламын», - деп айтқан болатын.