ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы өкілдігінің бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Өзбекстан Республикасының Ақтаудағы консулдығы ұйымдастырған «Ислам дінінің қазіргі замандағы рөлі» атты халықаралық онлайн конференцияға қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты muftyat.kz сайтына сілтеме жасап.
Онлайн іс-шара барысында екі ел арасындағы дәстүрлі дінді насихаттау, Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасы негізінде жат ағымдармен күресудің жолдары сынды мәселелер қозғалды.
«Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жеті бағыт бойынша қызмет атқарып жатырмыз. Соның ішінде, діни оңалту және жат ағымдармен жұмыс мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе, республикалық ақпараттық-насихат және жергілікті ақпараттық-насихат топтары белсенді жұмыс істейді», - деді Әнуар Ізімбайұлы.
Осыдан кейін бас имам «Ислам қағидаттары – қоршаған ортаны сақтаудың кемел жолы» атты тақырыпта баяндама жасап, діндегі табиғатты аялауға қатысты ұстанымдарының маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында екі елде орналасқан киелі орындарға зиярат мәселесі де ортаға салынды. Еске салайық, осы жылдың басында ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов пен «Tawaf Travel» қажылық компаниясының директоры Бектемір Искаков Өзбекстан Республикасына арнайы барып, екі ел арасындағы зиярат мәселесін дамыту, еларалық рухани ынтымақтастықты арттыруға арналған жиынға қатысқан болатын.
Айта кетейік, халықаралық конференцияға Өзбекстан Республикасының Ақтаудағы бас консулы Нодиржон Тургунов, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов, Өзбекстан Республикасы құрамындағы Қарақалпақстан Республикасы, Хорезм облысының имамдары мен дін қызметкерлері қатысты.