Маңғыстау облысында бір топ балықшы заңда көрсетілген салмағы 200 келі болатын арнайы су көлігімен балық аулау талабына қарсы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олар «2015 жылы шыққан заң не үшін 6 жыл өткен соң ғана талап етіліп отыр» деп ренжулі. Балықшыларға 2015 жылы шыққан «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңда көрсетілген балық аулауға салмағы 200 келі, қозғалтқыштарының қуаты 8 киловат болатын қайықпен шығу міндеттелген. Балық кәсібімен 40 жылдан бері айналысып келе жатқан балықшылар бұл талаптарға түбегейлі қарсы. Айтуларынша балық аулайтын жердің суы тайыз, техникалық жағынан сәйкес келмейді.
Біз 200 келілік қайықпен балық аулай алмаймыз. Су тобықтан келеді. Балықты тек күндіз аулаймыз, түнде шықпаймыз, - дейді балықшы Бекарыс Қалмағамбетов.
Балықты жағадан алу үшін резеңке қайықта 10 аттың күші бар. Балық аулауға 200 емес, 60-70 келілік қайықпен шыққан дұрыс. Маңғыстаудың желі бар. Ондай заңды Маңғыстау үшін кім шығарғанын білмейміз?, - дейді балықшы Мирлан Нұрбаев.
Балықшылар осы уақытқа дейін салмағы 50 келілік резеңке қайықпен балық аулап, күнін көріп келген. Ал заңда көрсетілген техникалық сипаттамаға сай келетін қайықтың бағасы 3 миллион теңге, оны қалтамыз көтермейді дейді. Ал облыстық балық шаруашылығы басқармасында биыл Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан балық шаруашылығы бөлініп, бөлек басқарма болғандықтан 6 жыл бұрынғы заңмен жұмыс істеуге кіріскендерін айтады.
Бұл жерде ең бірінші адам қауіпсіздігі. Балық аулауға кетіп, келмей қалатын жағдайлар болады. Сондықтан қауіпсіздік шаралары басты орында. Ал, бекітілген заңға бәріміз бағынуымыз керек. Егер, балықшылардың 200 келі қайықты сатып алуға жағдайы жетпесе, жұмыс көп. Басқа шаруамен айналыссын. Заңнан ешкім асып кете алмайды, - деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Адизал Шихметов.
Заң бойынша балықшылар енді су көліктерінің нөмірін тіркеуден өткізуі керек. Егер қайық тіркелмесе, кәсіппен айналыса алмайды.
Махаббат Нұржанқызы