Бүгін Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов коронавирусқа қарсы екпе салдырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, қазір облыс әкімінің денсаулығы жақсы, кері әсері жоқ. Қалыпты жағдайда жұмысын атқарып жатыр.
«Жер бетін жайлаған қауіпті індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцинация. Ғалымдардың, білікті дәрігерлердің айтуынша, вакцина пайдаланған кезде иммундық жүйе күшейеді. Ал біз екпені жаппай салғызсақ, вирустың одан әрі таралуына жол бермейміз, індетке тұтастай тосқауыл қоя аламыз. Сондықтан да баршаңызды вакцина алуға шақырамын», - деді С.Трұмов.
Еске салайық, кеше өңірге 11 мың доза көлемінде «Спутник V» вакцинасының кезекті партиясы жеткізілді. Қазір Ақтау мен Жаңаөзен қаласында және аудан орталықтарында арнайы дайындалған егу кабинеттері жұмыс істеп тұр. Өңір тұрғындары өзі тұратын ауданға қарамастан егу кабинеттерінің кез-келгеніне барып, короновирусқа қарсы вакцина салдыра алады.
«Әлемді дүрліктірген пандемиядан еліміз де аз зардап шеккен жоқ. Бір жылдың ішінде қаншама отбасы қара жамылып, арыстай азаматтарымыздан айырылдық. Былтырғы жағдайдың қайталанбауы үшін де дәрігерлер кеңесіне жүгініп, дұрыс шешім қабылдауға шақырамын. Ауызбіршілігіміздің арқасында бұл сыннан да сүрінбей өтеміз деген сенімдемін», - деді Маңғыстау облысының әкімі.