Ақтаудың орталық көшелеріне 600-ге жуық энергия үнемдейтін, LED-шам орнатылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Заманауи үлгідегі шамдар 1 шағынауданнан 15 шағынауданға дейінгі төрт жолдың бойына қойылған.
«Қалада 7 мың жарық бағанасы бар. Соның ішінде 2 мың лампаны ауыстыру жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес жұмыстар 5 наурыз күні басталды. Осы уақытқа дейін №3 автожолға (15 ш/а - 1 ш/а) – 305 дана, №7 автожолға (4 ш/а - 15 ш/а) – 210 дана, №18 автожолға 20 дана шам қойылды. Жаңа шамдардың басты артықшылығы – қызмет ету мерзімінің ұзақтығы, энергия тұтынудың төмендігі және экологиялық қауіпсіздігі», - дейді «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК учаске басшысы Ағлен Сәрсенғалиев.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, жарықдиодты шамдар сынапты шамдармен салыстырғанда электр энергияны 1,5 - 2,5 есе аз қажет етеді. Мысалы, ескі шамдар 250 Вт тұтынса, қазіргі шамдар 120 Вт тұтынады.