2000 жылдардың бас кезінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына, география ғылымы мен ұлт этнографиясына, философиясына, халқымыздың жалпы руханиятына Серікбол Қондыбай есімі мен еңбегі өзгеше құбылыс болып енді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Қажыбекше айтсақ, «мифтік реконструкция саласындағы мұзжарғыш қасиетке ие» Серікболдың ғылыми шығармашылығы ұлттың жоғалғанын соны пайымдармен түгендеп қана қоймай, бұған дейін белгісіз болып келген ұлттық болмысымыздың түп-тұқиянына қатысты кейбір мәселелерге, түркі дүниесі құндылықтарының шығу төркініне, есте жоқ ескі замандағы ата-бабаларымыздың дүниетаным көкжиегіне тың ізденістермен талдау жасайды. Филология ғылымдарының докторы А.Сейдімбектің «Серікбол Қондыбай қазақ тарихын иісі түркі тарихының, түркі тарихын жалпыадамзаттық тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерделеді. Нәтижесінде, қазақ тарихының философиясы деп аталатын ғылым саласының бағыт-бағдары анағұрлым айқындала түсті», деуі осыдан еді.
Серікбол Әділбекұлы 1968 жылы 14 наурызда Маңғыстау облысының қазіргі Құрық кентінде жұмысшы отбасында дүниеге келді. Әкесі өмірден өткен соң 5 айдан соң дүние есігін аянмен ашқан «жирен шашты» бала онжылдықты бітірген соң 1986 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеттің география факультетіне оқуға түседі. Өзі көзінің тірісінде тіс жарып әңгіме етпегенмен, Қайрат, Рыскүл, Роза сынды курстастарының айтуынша, студент кезінде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, абақтыда 10 күн жатып шығады. Ол кезде Көз аурулары институтында жұмыс істейтін медицина ғылымдарының кандидаты Ғалым атты дәрігер азаматтың араласуымен Серікбол абақтыдан шығып, оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Университетті «Геоморфолог» мамандығы бойынша бітіріп шыққан Серікболға ұстаздары Ғылым академиясының География институтына жолдама беріп, ғылым жолында қалуға ұсыныс білдіргенімен, ауылға оралған ол Маңғыстау-Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология басқармасында маман, одан кейін өзі оқыған №3 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді.
Өмірде бір нәрсе бір нәрсеге себепші болып жатады. 1995 жылы апатқа ұшырап, жұлын жүйесінің зақымдануына байланысты қоларбаға таңылып,
І топтағы мүгедек болып қалуы Серікболдың ғылымға біржолата бет бұрып, ізденіспен түбегейлі айналысуына себеп болғандай.
Қоларбада отырып компьютерге үңіліп, көпшіліктің көмегімен жерге түсірілсе, көрпе үстінде етпеттеп жатып мифология бағытында кешенді тақырыптық зерттеулер, теориялық мәселелермен қарқынды түрде айналысты. Көзі тірісінде «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Есен-қазақ», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» және төрттомдық «Арғықазақ мифологиясы» атты еңбектері сынды 10 кітабы жарық көрді.
4 томдық «Арғықазақ мифологиясы» жинағының шығуы да бір тарих. 2003 жылдың желтоқсан айында «Алтын орда» газетіне М.Әуезов бастаған бір топ ғалымның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы И.Тасмағамбетовке жазған «Дарындыны қолдайық!» атты ашық хаты жарияланады. Осыған орай, қаңтар айында И.Тасмағамбетов Серікболға тікелей телефон арқылы байланысқа шығады. Нәтижесінде, С.Қондыбайдың сәуір айында 105 баспа табақтан тұратын «Арғықазақ мифологиясы» атты 4 томдық іргелі еңбегі жарық көрді. Мамыр айында осы кітаптың тұсаукесерін өткізуге елордадан көрнекті ғалымдар Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғараұлы келді. Жалпы, С.Қондыбай шығармашылығы қазақтың көрнекті ғалымдары мен қоғам қайраткерлері тарапынан жоғары бағаланды. Қ.Салғараұлы, М.Әуезов, М.Ақдәулет, З.Наурызбаева, Ғ.Әнес, Қ.Көшербаев, Т.Әсемқұлов, Е.Тұрсынов, Қ.Жаңабаев, өзге де елімізге танымал азаматтары Серікбол ізденісіне қамқорлық-қолдау көрсетіп, конференцияларын ұйымдастыруға, ғалым шығармашылығын насихаттауға зор үлес қосты, терең пайымға негізделген тұщымды пікірлерін айтты. Өмірден озғаннан кейін өзі дайындап кеткен «Жауынгерлік рух кітабы», «Казахская мифология: краткий словарь», «Маңғыстау-нама», «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Маңғыстаудың жер-су атаулары», «Алпамыс ғаламы» сынды 6 кітабы демеушілер қаржысымен басылып шықса, Маңғыстау облысының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Есен-қазақ», «Маңғыстау-нама», «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Казахская мифология», орыс тіліне аударылған «Қазақ даласы және герман тәңірлері» және «Жауынгерлік рух кітабы» атты еңбектері жарық көрді. Маңызды еңбектердің тұсаукесері Алматы, Ақтау, Ақтөбе қалаларында Ғ.Әнес, М.Ақдәулет, А.Исмақова, Ж.Шойынбет, Ә.Бөпежанова, Ж.Дүйсенбаева, Б.Ақбердиева, өзге де ғалымдардың қатысуымен өткізілді. Ел таныған ғалымдардың, азаматтардың жұмыла қолдау көрсетіп, ғалым еңбектеріне тың дүние деп қарап, ғылыми тұрғыда терең баға беруі – Серікбол еңбегінің ғылыми ортада мойындалуы еді, оның өткенді қаузаған ертегі емес, шынайы ғылыми туынды екендігін дәлелдей түсетін жайт.
– Денсаулығының өте ауыр жағдайына, ғылыми ақпарат пен ғылыми ортаның мүлде жоқтығына қарамастан, айналдырған он жыл ішінде бауырым Серікбол Қондыбай терең зерттеулер жүргізіп, мифология, этногенез, тарихи география, лингвистика салаларында озық дүниелер болып есептелетін еңбектерін бастырып шығарды. Оның «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» атты еңбегі – тарихи, географиялық, лингвистикалық, археологиялық, мифологиялық материалдарды қамту жөнінен, талдаудың тереңдігі мен жүйелілігі жөнінен, ұсынып отырған болжамдарының тыңдығы, жаңашылдығы жөнінен тек Олжас Сүлейменовтің күллі ғұмырлық еңбегі «Язык письма» кітабымен ғана салыстыруға тұрарлық еңбек деп бағаланады. С.Қондыбай б.д.д. 5-4 мыңжылдықтарға меңзейтін адамзат тарихының сенуге боларлық реконструкциясын жасауға ұмтылған. Ол баспаға әрқайсысының көлемі 30 баспа табақ болатын төрттомдық сүбелі еңбегі – «Арғықазақ мифологиясы» кітабын дайындады. Бұл ғылыми еңбек Мұрат Әуезов бастаған ғалымдардың «Алтын орда» газетіне шыққан ашық хатынан соң, И.Тасмағамбетовтің тікелей басшылығымен жарық көрді. Осыдан бастап Серікболдың сараптаудың ең жоғары деңгейін, жүйелілікті, эвристикалықты, ғылыми асқақ мұратты, еңбексүйгіштікті, кісі таңданарлық дәрежеде меңгерген ғалым екендігін халық тани бастады. Тарих беттерінде шаң басып жатқан мұрағаттарды ақтарып, артына өшпес із қалдырып кеткен Серікболдың өзі өмірден өткенімен, оның шығармашылығына қызығушылық күннен-күнге арта түсті. Бауырымның қайтқанына жыл толмай жатып, 2005 жылы 14 наурызда, яғни Серікболдың туған күніне орай Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Серікбол Қондыбай шығармашылығы және ХХІ ғасырдағы гуманитарлық ғылымдардың жаңа парадигмалары» атты І республикалық ғылыми-теориялық конференция өтсе, ал Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаевтың басшылығымен қазақ мифологиясын зерттеудің алғашқы іргетасын қалаған ғалым Серікбол Қондыбай шығармашылығына арналған II конференция 2006 жылы маусымда Ақтау қаласында өтті. Конференцияға Қ.Салғараұлы, М.Әуезов, М.Ақдәулет, З.Наурызбаева, Ғ.Әнес, Т.Әсемқұлов, Е.Тұрсынов, Қ.Жаңабаев және т.б. еліміздің танымал ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты, інімнің шығармаларын зерттеп-зерделеуге, насихаттауға, кітаптарының жарық көруіне демеуші болған азаматтарға ризамыз, – дейді Серікболдың апасы Балсұлу Қондыбай.
«Арғықазақ мифологиясы» эпопеясының тұсаукесері Серікболдың оқырманымен алғашқы және соңғы кездесуі болды деуге болады. Кездесуден келген соң анасы Тәрбияға өзінің заттарын жинауды тапсырған Серікбол ғылыми жазбаларының соңғы нүктесін қойғанын сезгендей, «енді мен демаламын» деп компьютерін де жинатып тастайды.
– Серікбол іште жатқанда анасы түс көріп, өзі жоруға қорқып, сол Ескі Ералыда (қазіргі Құрық кенті) тұратын көзі су қараңғы Аюп деген тәуіпке барады. Ол кісі сүйектен жасалған 41 құмалақты өзгелерге ұқсап бөліп ашпай, тек біреуін ғана қолына алып: «Қарағым, қорықпа. Түсіңнен шошып келіп отыр екенсің. Жақсы түс. Құрсағыңда жирен шашты ұл жатыр. Ол өзінің мәңгілік атақ-даңқын ала келетін бала болады», депті. Тәрбия анам есіктен шыға беріп, есіне тағы бір сұрағы көмейіне келіп сұрағысы келіп артына бұрылғанда, Аюп ақсақал: «36, 37» деп күбірлеп отыр екен. Ойын бөлмейін деп Тәрбия шығып кетеді. Сол кісі айтқандай, қазіргі күнтізбемен есептегенде 36 жас, ал құрсақ жасымен 37 жас дегенде аянмен келген Серікбол дүниеден өтті. Алыптар құдайдың есебімен дүниеге келеді деген осы шығар. 2004 жылдың 24 тамызында 36 жасында аманат-жанын Алласына тапсырды, – дейді Б.Қондыбай.
Серікбол еңбектері – оқыған сайын тылсымына бойлатып, тереңіне тарта түсетін, бойлаған сайын тың құбылыстардың қақпасы алдына алып баратын әлем. Сондықтан оны оқу да, тереңдеп зерттеу де күн тәртібінен түспейді. Ол туралы пайымды пікір, сүбелі ғылыми еңбектер туындайтын күндер алда. Серікбол арамыздан кеткенмен, артында қалған еңбектері өз маңызын жоймайды. Біз бүгінгі мақалада Серікбол еңбектерін ғылыми талдап-таразылау емес, серікболтану ғылымының қадамы, ғалым шығармаларының насихатталуы, сондай-ақ «көзден кетсе, көңілден кетеді» дегендей, ғалым жұмыстары тасада қалған жоқ па, не істелді және не істеліп жатыр деген бағытта әңгіме өрбітуді көздеген едік.
С.Қондыбай шығармаларын насихаттау бағытындағы жұмыстардың бірі – Серікбол оқулары. Өзі өмірден өткен соң 6 айдан кейін 2005 жылы 14 наурызда С.Қондыбайдың туған күніне орай Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында М.Әуезов пен «Рух-Мирас» мәдениеттанушылық альманағының ұйымдастыруымен «С.Қондыбай шығармашылығы және XXI ғасырдағы гуманитарлық ғылымдардың жаңа парадигмалары» атты
I республикалық ғылыми-теориялық конференция, 2006 жылы Ақтауда «С.Қондыбай шығармашылығы және XXI ғасырдағы гуманитарлық ғылымдардың жаңа парадигмалары» атты II республикалық ғылыми-теориялық конференция, 2007 жылы Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаевтың басшылығымен «Серікбол Қондыбай: мифология және ұлттану» тақырыбындағы III республикалық ғылыми-теориялық конференция Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, 2013 жылы Ақтау қаласында «Серікбол Қондыбай шығармашылығы: жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың жаңа парадигмалары» атты IV республикалық ғылыми-теориялық конференция өтсе, V республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 2015 жылы Қызылорда қаласында «С.Қондыбай зерттеулеріндегі ұлттық рухани мұраларды жаңаша пайымдау мәселелері» тақырыбымен ұйымдастырылды. Ғалым З.Наурызбаева С.Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» және «Гиперборея» кітабын орыс тіліне аударып, орыс тілді оқырман назарына ұсынды. 2012 жылы Серікболдың орыстілді кітаптарының тұсаукесері Башқұртстанның Уфа қаласында, 2013 жылы елордамызда өтті.
Серікбол шығармаларын жас ұрпақ санасына сіңіру мектеп қабырғасынан бастау алуда. 2013 жылы Маңғыстау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Үздік сабақ», «Үздік сынып сағаты» байқаулары өткізілді. Ғалым есімін есте қалдыру мақсатында 2006 жылғы ғылыми-теориялық конференция қарарына сай, Ақтаудағы №22 шағын ауданда ашылған жаңа мектепке С.Қондыбай есімі берілді. Мектептің ашылу салтанатына Ә.Кекілбаев, О.Әбдікәрімов, т.б құрметті қонақтар қатысып, ғалымның ескерткіші мен мұражайының тұсаукесері жасалды. 2010 жылы Маңғыстау ауданының Шетпе кентіндегі С.Қондыбай оқыған №3 орта мектепке ескерткіш тақта орнатылып, мұражай-сыныбы ашылды және арада бес жыл өткен соң туып-өскен кентінде С.Қондыбайдың шығармашылығына арналған музейі іске қосылды.
С.Қондыбай шығармашылығын өзек еткен өнер жанрларының туындылары өмірге келе бастады – қылқалам шебері Ж.Абланова «Мифтік ғұмыр», «Жыландар қоршаған абақ таңба», «Нұрбұлақ – тіршілік бастауы», «Көріністер», «Ақбозат, Көкбозат», «Мифтік ағаш» суреттерін өмірге әкелсе, С.Қондыбайдың өмірі мен шығармалары негізінде жазылған О.Тұржанның «Мифтің түбі – ақиқат» пьесасы сахна төріне көтерілді, жаңалыққа жаны құштар сән әлемінің жүйріктерінің бірі «Мария-ханум» салоны Үлпілдек, Ұмай-ана, Жылан ана, Үркер, Жеті қарақшы сынды мифтік образдарға киім үлгісін жасап, облыстық байқауда жүлдегер атанды, ақындар өлеңдерін арнады.
I және II Халықаралық конференцияға қатысушылардың пікірін сараптай келе, «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғ.Әнес «Біздіңше, С.Қондыбай мұрасының атап айтар айтулы тұстары мыналар – ұлттық мүдде, қазақылық, ұлттық құндылықтар, тәуелсіз еліміздің басты мұрат-мақсаттары алдыңғы орынға шығарылып, батыл қорғалады, көбіміздің ойлау жүйемізге әбден сіңісті болған, бұлтартпас қағидаға айналған ғылым-танымдағы астамшыл еуроцентризм ашық сыналады, қоршаған ортаны танып-білу мен дүниетанымымыздағы тамыр-тамырымызға жайылған отаршылдық саясаттың зардаптары айыпталады, ұлттың жанына жақын мәселелерді айту мен шешуде таптаурын жолдардан бас тартып, мүлде жаңа шешімдер басшылыққа алынады, басты іргелі еңбегі «Арғықазақ мифологиясында» қазақ ғылымында арнаулы зерттеу объектісі болмаған, кешенді зерттелмеген мифология тақырыбына тұңғыш рет қалам тартылды, өткен өмірді боямаламады, Тәңіршілдікті дәріптемеді, дін мұсылманшылықты ерекше құрметтеді, гуманитарлық саладағы түрлі бағыт-бағдар, әдіс-тәсілдердің арасынан ең тиімдісін таңдап алды, әсіресе шетел ғалымдарының өміршең идеяларын дөп басып қолдады, оларды тармақтата таратып, ізденісін жалғастырды, алыс ауданда жатқандықтан, ғылым-білімнің тереңіне еркін бойлай алмағанына өкініш білдіре отырып, идея-болжамдарын дәлелдеу барысында кемшін тұстарын ашық мойындады, қажет тұстарда қайта қарап, өзгертіп, жетілдіріп отырды» деп түйіндейді. Рас-ақ. «Серікбол кім? Оның ел үшін еткен еңбегі қандай?» деген сауалға Қытай Орталық ұлттар университеті, Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің докторанты Әшімқан Талдаубектің «Қазақ әдебиетінде осыған дейін фольклордың бір тармағы ретінде қаралып келген қазақ мифологиясын еуропалық ғылымның бағыттары бойынша зерттеудің жаңа арналарына бұрған ғалым С.Қондыбай болды. Ол қазақтың ілкі таным дүниесіндегі мүлде өшуге айналған мифтік ұғымдарды көне түркі, үнді, грек, орыс, қытай деректерімен салыстыра отырып, қайта жаңғыртты, жетілдірді. Ғасырлар шайып кеткен ескі іздерді қайта суыртпақтай отырып, адам ойына оралмайтын таңғажайып мифтік дүниелерді ұсынды. Халықтың ескі дәстүрі мен тілінде сақталған танымдық дүниелерді дөп басып танып, аршып, зерлеп, бағалы дүниеге айналдыруда әр халықтың мифтік ұғымдарын салыстыра талдады, қазақ танымына жақын келер тұстарын көрсетті, тың пікірлер айтты. Сөйтіп, салыстырмалы мифология заңдылықтарын қазақ мифологиясында қолданудың үлгісін жасады», деген пікірі жауап бере алады.
Біздің айтпағымыз – өткенді зерттеп жүріп өзі зерттеу нысанына айналып кеткен, естеліктерді еске ала жүріп өзі естелікке айналған Серікбол Қондыбай шығармалары өміршең. Оны зерттеп-зерделеу, насихаттау жұмыстарын саябырсытпай алып жүру қажет. Алайда күні бүгінге дейін толық шығармаларының орыс тіліндегі аудармасының болмауы да кемшілік, ал өзге тілдерге аударуды қарастыру – міндет.
Гүлайым ДӘУІТБАЙ
«Egemen Qazaqstan»