Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмовтың өңірді сұйытылған газбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, арнайы құрылған жедел штабы Наурыз мерекесіне арналған демалыс күндері күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімінің аппараты басшылары, қала, аудан әкімдері мен осы салаға жауапты басқарма басшылары кіретін штаб мүшелері үш бағыт бойынша жұмыс жүргізді.
1. Зауыттан шыққан сұйытылған мұнай газының тұтынушыға жетуін қадағалау;
2. Сұйытылған мұнай газы бағасының шарықтап кетпеуін қадағалау;
3. Газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекті азайту;
Аталған жұмыстарды жүйелі атқару мақсатында қала, аудан әкімдіктерінен жұмыс топтары құрылып, тәулік бойы мониторинг жүргізілді. «Қазақ газ өңдеу» зауытынан шыққан әр көлік бақылауға алынды. Нәтижесінде газ діттеген жеріне жеткізілді. Мониторинг топтың көмегімен Жаңаөзен үшін бөлінген 55 тонна газды қала аумағынан тысқары жерге алып кетпекші болғандардың жолы кесілді.
Сұйытылған газ бағасы да арнайы штабтың бақылауында болды. Мәселен, Ақтау қаласында газды 75 теңгеден сатқан 29-шы шағын ауданда орналасқан «Атбұлақ» газ құю бекетінің иесі , жеке кәсіпкер Избановқа акт толтырылды. Ары қарай ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне шара қолдануға жолданды.
Жоғарыда жасалған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі газ құю бекеттеріндегі кезек біршама азайып, жағдай тұрақталды.
Мониторинг жұмыстары әлі де жалғасады.
Айта кетейік, өңірдегі сұйытылған газ тапшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының уақытша жөндеу жұмыстарының жабылуына байланысты туындаған еді. Облыс әкімі қалыптасқан мәселені шешу үшін шұғыл шешім қабылдап, «Қазақ газ өңдеу» зауытынан наурыз айының соңғы күндері берілетін газды бері жылжытқан болатын. Сонымен қатар Маңғыстау облысына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан қосымша 1152 тонна сұйытылған газ бөлінді. Бүгінде 444 тоннасы жеткізіліп, сатылып жатыр. Қалғаны жолда, алдағы күндері газ құю бекеттеріне жеткізіледі.