Міне, жер бетіндегі тіршілік атаулының асыға күткен күні – Наурыз да келіп жетті. Жер-ана бусанып, тұла бойына нәр берер жылылықты сезген өсімдік атаулы бүршігін жарып көгере бастады. Күн ызғары да әне, бірте-бірте шегініп төбе асып барады. Жан-жануарлар күнгей беттегі шуақтың қызуынан бөртіп, қылтиып көрінген көкті қуалап тыным таппайды.
Таяғына сүйеніп есік алдына шыққан кейуана: «Е, Алла, бергеніңе шүкір. «Өлмеген жанға келді жаз» дегендей сүйретіліп жүріп бұл күнге де жеттік. Көп ұзамай малдың алды төлдеп, бала-шағаның аузы аққа тиеді. Бұрынғы үлкендер «үт-қарын айы, наурыз желін айы» деп отырушы еді, жаратқан жақсылығыңды төге көр» деп жан-жағына мейірлене көз тігеді. Содан кейін: «Жарықтық амалға да санаулы күн қалыпты-ау. Бұл үлкен мереке ғой, қарағым. Ой- хой, дүние-ай, баяғыда жас кезімізде қызылды-жасыл киініп, таң атпай тұрып, әр төбенің астында отырған ауыл-ауылды аралап қыдыратынбыз. Алдымен жасы келген үлкендердің табалдырығын аттап, батасын алуға ұмтылушы едік. Ол да бір дәурен екен ғой», – деп қасында тұрған немересіне өтіп кеткен күндерге деген сағыныш сөзін бастап, маңғыстаулықтардың Наурыз мерекесін тойлауы жөнінде көрген, естігендерін айтатын-ды.
– Есіңде болсын, қарағым, шаруа баққан қазақтың көп үмітпен қарайтыны да осы – Амал айы. Қыс ұзарып шелді жейтін, күн ұзарып түнді жеңетін бұл кезді «қараөзек шақ, ұзын сары» деп те атайды. Күн ұзарса жер жылынады, ал жердің жылынуы – мал соңындағы елдің үміті. Жер-ананың тоң кеудесі жібитін, тас емшегі ийтін шақ келді деп қуанатын. Сонымен қатар осы айда көшпелі елдің үміті мен күдігі кезек алмасып, итжығыс халде жүреді. Өйткені қыстан әупірімдеп зорға шыққан, іші өскен малдың бір борандық халі бар, тіпті оны көтере алмауы да мүмкін. Маңғыстауды мекендегендер күні кешеге дейін ай аттарын Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп атайтын. Жас кезімізден тіліміздің соған үйренгені шығар, әлі күнге дейін сендер айтатын орысша атауға үйрене алмай келеміз. Бұрыннан келе жатқан, өмір тәжірибесінен алынған, жадымызда жатталып қалған сөздердің қате кеткен жері жоқ. Мысалы, «Таразыда таң суиды, сүмбіледе су суиды» дейді. Әсетте (бұл сендерше июль) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Ал сүмбіледе (август) судан ерекше бір салқындық сезіледі. «Ақырап қауыс, кәрі құртаңды тауыс». Мұның мағынасы – ақырап (октябрь), қауыс (ноябрь) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ малдарыңды жарататын уақыт болды деген сөз. Міне, осы қауыс (ноябрь), жеді (декабрь) айларында күн суытып қар жауып, бұрқақ болады. «Саратан (май), зауза (июнь) сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар. Оның себебі заузада желідегі байлаулы құлын қырылған, енесі ығып кеткен, шай қайнатым уақыт ішінде жаңбырлы, желді бұршақ жауып, күн суытқан оқиғалар да болғанын малмен көзін ашқан қазақтың бәрі де айтады. Сондықтан шаруа баққан қазақтың көп үмітпен қарайтыны да осы – Амал айы.
Біздің Маңғыстау тұрғындары жыл басын күн мен түннің теңелуінен емес, көктемнің келуінен, наурыздың 14-інен бастайды. Яғни күн мен түннің теңелуінің алдындағы үлкен мерекенің басы деп есептеп, таң сарғайып атысымен наурызды тойлайтын. Сендердің мектепте оқитын кітаптарыңда жыл басына таласқан жан-жануарлардың ішінде түйенің басына шығып кеткен тышқан таңның атып келе жатқанын бірінші көріп, жыл басы аталғанын айтушы едің ғой. Біздің де бала кезімізде үлкендер осы наурыздың келуі туралы көптеген аңыздар айтатын. Соның бірінде біздің арғы аталарымыз ертедегі түркілердің патшасы күн мен түн теңелген күні биік таудың басына шығып, ағарып атып келе жатқан таңда екі қолын жайып еліне Тәңірден тілек тілейді екен. Тілегін тілеп болып артына қарағанда қолында қобызы бар абыз тоғыз күй тартатын көрінеді. Содан кейін ғана Наурызды тойлау басталады дейтін. Біз көрген жерде жасы үлкендердің 14-і күні сыртқа шығып таң шапағы шашырай бастағанда күбірлеп бетін сипауы да, аналардың «Е, жарықтық, ырысы мол жыл болғайсың» деп көтеріліп келе жатқан күнге сәлем етуі де – бағзыдан келе жатқан қағида. Сол қағиданың қанымызға сіңіп қалғаны шығар, бізде көрген-білгенімізді әлі жалғастырып келеміз.
Көпті көрген үлкендер: «Көп ұзамай Ұлыстың ұлы күні Наурыз келеді, шырағым. Алғашында шығыс көкжиегінің ортасынан жоғарыға тікелей көтерілген, екі жағы қараңғы бейне бір созылған сымдай жайылған жарық болады. Бұл жарық аз уақыт ішінде жоғалып, орнын қараңғылық басады. Мұны «жалған таң» дейді. Өйткені бұл жарық таң уақытының кіргенін көрсетпейді. Содан кейін шығыс көкжиегі бозарып екінші таң атады. Міне, осы таң белгісі байқалысымен әуеде ғажайып бір діріл мен гуіл естіледі. Сол үнді «Әз» дейді екен. Ол өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесінде, жалпы тіршілік әлемінің бойына қан жүгіріп, қайта түлеп жаңарады, ескінің ауырлығы кетеді. Әздің жүргенін әдетте көп адам байқамайды, оның өткенін қой малы ғана алдымен сезеді екен. Қой сол кезде аспанға қарап жамырай маңырап тұрып қалатын көрінеді. Соны көрген малшы: «Е, жарықтық жаз хабары келді» деп қуанатын көрінеді. «Әз келмей жаз болмайды», – деген нақыл сөз содан қалыпты», – дейтін.
Қазақ үшін Наурыз Ұлыстың ұлы күні болып есептелген. Өйткені алғашқы мал төлдеп, ауыздың аққа тиетін уақыты да осы. Қыс ызғары қайтады, мал ауызы көкке тиеді. Біреудің екеу болып, өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі. Халық арасында бұл күні «Самарқанның көк тасы да ериді» деген сөз бар. Бұл сөз де бекерден-бекер айтыла салмаған. Ертеде Самарқанды билеген атақты хандардың қабірінің басына киесі бар деп қымбат көкшіл тасты қояды екен. Күн мен түн теңелген кезде қандай құдіреті бар екенін кім білсін, сол тас буланып, терлейтін көрінеді. Яғни көзінің тірісінде қатыгез болған хан өткен ісіне өкініп, райынан қайтты, бұл кейінгілерге көрсетер үлгі деп есептеген. Наурыз күні адамдар бұрын өткен өкпе-назын ұмытып, бірін-бірі құшағына алып жатады. Үлкендерден естіген, жадымда қалған бір әңгімеде Ыбырайым пайғамбар көктем келгенде ел-жұртты түгел жинап дастархан жаяды екен. Үйіне келген барлық адаммен төс соғыстырып көрісіпті. «Көрісу көңілдің кірін шаяды, ашу-ыза мен күмәнді жояды. Жүректегі ыстық мейір көріскенде барлық адамға беріледі» дейді екен жарықтық. Бұл рәсім содан бері жалғасып келе жатыр. Бұл күні жеті қат жер астынан жылы бу көтеріледі, жеті қат көктен нұр жауады дейді. Наурыз таңы сібірлеп атқанда ұяда жатқан құстар да, індегі жануар да, судағы балық та басын көтеріп, бір сәт қозғалмай тұрып құрмет қылады деген ұғым да бар. Бұл күні «Наурыз көже» пісіріледі. Кей жерлерде «Тілеу көже» деп те атайды. «Тілеу көже» аталуы туралы аңыз бар. Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа күн мен түн теңелген кезде келіп тоқтапты. Аман қалғандарына шүкіршілік етіп құдайы тамақ бермек болады. Қалған азық-түлікті қараса қап түбінде алақандай ет, бір уыс бидай мен жүгері, тары, бір-екі құрт, бір шөкім тұз қалыпты. «Тәуекел» деп қазанға салып пісіреді. Тағамды пісіріп отырып Тәңірдің есімін ұлықтаумен болыпты. Сонда Құдай періштелерге: «Қолдағы барын салып ас беріп жатыр. Қазанына кәусардан тамызың, берекемді шашыңдар» деп тапсырады. Сөйтіп, азғантай жеті түрлі дәмге береке кіріп бүкіл елге, жан-жануарға жетіпті» дейді. Маңғыстау тұрғындары қысқы соғымда Наурызға арнайы сақтап қойған етін асатын. Бұл – осы күнге аман жеткенімізге деген құрметтің белгісі.
Қалай болғанда да көктемнің алғашқы нышаны өлке жерінде наурыздың 14-інде белгілі болады. Олар осы күнді жыл басы деп санаған. Наурыздың алғашқы аптасындағы жылымық толқыма делінсе, екінші онкүндіктің соңында қар жауады, бірақ тез ериді. Кей уақыттары оны «Құс қанаты» деп те атайды. Яғни құс келер алдындағы соңғы қар. Тіпті қар жаумаған күннің өзінде салқындық байқалады. Арты жаңбырға ұласуы да мүмкін. Өкпет жел есіп, қар ери бастағанда өзгелердің алды болып ұшып келетін Наурызек дейтін кішкентай құс болады. Оны ешкім қумайды, үркітпейді, бақыт құсы деп есептейді. Сәуір айының басы қыстың соңғы айы отамалы деп те аталады. Маңғыстаудағы Амал (наурыз) күндері сондай белгінің болатынын көзі қарақты кез келген адам байқайды. Наурыздың екінші онкүндігінде, нақтырақ айтқанда 16–21-і аралығында «Бес қонақ» болады. Бұл күндері табиғатта өзгеріс болып, бұрқақ, жаңбыр немесе қар аралас жаңбыр жауады. Маңғыстау тұрғындары осы «Бесқонақты» өткізіп салғаннан кейін ғана мал төлдетуге Үстірт үстіне көтерілетін болған.
«Наурыз күні құмалақ қарға бармақ бойы батса қырық күндік жерге арбамен шық, құмалақ қар бетінде шашырап жатса қырық күндік жерге шанамен шық», – деп отырады екен солтүстік өңірдің есепші қарттары.
Міне, шырағым осының бәрін есіңде қалсын деп айтып отырмын. Біздің Маңғыстауда Наурыз әу бастанда ерекше болып тойланады. Бірақ соңғы кезеңдері көңілге қона бермейтін кейбір «әттеген-ай» дейтін жайлар кездесіп қалады. Көптеген ағайындар 13 наурыз күні бас қосып, түнгі сағат 12-ні күтіп, содан кейін көрісіп жатады. Бұл сонда сағат 12-ні соққанда шуылдасып шампан ашып, рөмке соғыстырып жататын орыстардан қалған салттың өміршеңдігін дәріптеу емес пе? Бұрын осындайды көріп пе едік, бізден бұрын өткен сұңғыла шалдар түн ішінде соқыраңдап жасы үлкендерін іздеп жүретін бе еді? Болмаса қазір жастары 60–70-тен асқандар үлкендерден қалған осындай із бар еді деп айта ала ма? Осы кешке қатысып жүрген жастар уақыт өте келе: «Біз көрген жерде үлкендеріміз наурызды 14-іне қараған түнде тойлайтын еді» демесіне кім кепіл бола алады. Маңғыстаудың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрін өзіміз лайлап жүрген жоқпыз ба?! Қазақ бар жақсылықты түннен емес, таңнан күткен шырағым, осы есіңде болсын.
Наурызға байланысты ырымдар өте көп. Көшпелі халық сол ырымға сенген, құрмет тұтқан.
– Жаңа күнге қарап бетін сипаған. Онысы басыма бақыт, ырыс дарысын дегені.
– Наурыз күні жауған қарды күремейді, сыпырмайды. Өйткені басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, ерекше таза, көп ұзамай еріп кетеді.
– Наурыз күні ыдыс-аяқты сылдырлатпауға, шаңырақ астында орынсыз дауыс көтермеуге тырысады. Әйел құты, ер құты, үй құты ыдыс-аяқта деп есептейді.
– Қыдырып келген баланы үйден құр жібермейді. Өйткені бала – бақыт, бала – періште. Бала үйден өкпелеп шықса, баладан бұрын бақыт есіктен шығады деп есептеген.
– Наурыздан бұрын сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Бұл өз ошағына аман оралсын деген тілектен туған.
– Жасы кішілер Наурыз күні ауылдағы үлкендерге барып сәлемдесуді, қолын ұстап, батасын алуды міндеті санаған. Сонымен қатар өмірден өткендердің басына барып құран оқуды тірілердің парызы деп есептеген. Бұл – құрметтің белгісі. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөз бар. Бұрынғы уақыттары Наурыз күні үй ішіндегі кермеге сандықтағы бар қымбат маталарын, киімдерін шығарып іліп қоятын. Бұл, біріншіден, жасырып қойса киімді пері иеленеді деген ойдан туындаса, екіншіден, халқымыздың жарылған жүгерідей аппақ көңілін білдіреді. Қысқасы, халқымыз қай уақытта да Наурызды асыға күтіп, оны жақсылықтың бастауы, жыл он екі айдағы ең негізгі мереке ретінде құрмет тұтқан.
Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,
өлкетанушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі,
Маңғыстау облыстық музейінің ғылыми қызметкері.