Мереке күндері жауапты мемлекеттік мекемелер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатаң бақылау жүргізді.
Наурыз мерекесі қарсаңында облыстың барлық қала, ауданында ауыл шаруашылық өнімдерінің азық-түлік жәрмеңкелері өтті. Жергілікті шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілер халыққа өз тауарларын ұсынды.
Сонымен қатар мереке күндері Ақтаудың бірқатар ірі сауда дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар тауарларының "бұрышы" пайда болды. Онда ең төменгі бағамен сатылатын азық-түлік өнімдері қойылған. Мұндай өнімдер сатып алушылардың назарын аударатын белгілермен және арнайы түсті баға белгілерімен ерекшеленеді.
Алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік бағасының төмендеуі облыс әкімдігі мен сауда желілерінің басшылары арасында келісім негізінде жасақталды. Сонымен қатар азық-түлік жеткізушілері мен сатушылар арасында баға бойынша ең төменгі төлемдер туралы келісім шарт бар.
Мереке күндері бағаны тұрақтандыру бойынша 5 штаб отырысы өтті. Азаматтардан келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар назарға алынды. Штаб мүшелерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар одан әрі жалғасатын болады.