Бүгін мерекеге орай Маңғыстау облысында орналасқан Азаматтарға арналған үкімет, Халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет алуға келген тұрғындарға дәмді бауырсақ пен ұлттық сусын - айран, шұбат ұсынып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мұндағы мақсат – Амал мерекесін тойлау, жылы тілектер жеткізіп, мейірімділік пен ауызбіршілікке баулу, ұлттық құндылықтар мен тағамдарды насихаттау.
Құжат шаруасымен Ақтау қаласындағы №2 Халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұққан белгілі жыршы-термеші Бауыржан Сатыбалдин орталықтағы мерекелік атмосфераға оң бағасын берді. Ақ дастарханнан дәм татып, игі тілегін жеткізді.
«Жаңаруды айшықтайтын Амал мерекесі құтты болсын! Мерейлі мереке елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Әрбір күніміз көктемдей шуақты болсын!», - дейді Маңғыстау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ жұртшылықпен байланыс маманы Жадыра Шалабаева.