Маңғыстауда алғаш рет «Nauryz Fest – 2021» жастар фестивалі өтеді. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жастар фестивалін Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр. Негізгі мақсаты – Амал және Наурыз мейрамын жаңа үлгіде тойлау, қоғамды ұйыстыруға бағытталған құндылықтарды насихаттау.
Фестиваль аясында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «14 наурыз «Көрісу күнінде» өңір волонтерлары қала тұрғындары мен қонақтарды мерекемен құттықтап, «Жыл құтты болсын!» деген ниетпен тәттілер таратады. Сонымен қатар тұрғындар арасында «Ұлт нақышы» атты фотобайқау жарияланады.
«Аталған байқау 14-22 наурыз аралығында өтеді. Қатысушылар «Іnstagram» әлеуметтік желісіне қазақтың ұлттық киімімен түскен суреттерін #MangystauNauryzFest2021 #ҰлтНақышы2021 хэштегтері арқылы жариялауы тиіс. Үздік суреттерді өңірге танымал, кәсіби фотографтар таңдап, жеңімпаздарды марапаттайды», - дейді Абылай Фазылбек.
Ал 15 наурыз – «Жайлау күні». Бұл күні өңір жастарының қатысуымен аудан және қаладағы саябақтарда тал егу шарасы өтеді. Кемінде 500 түп тал егіледі деп жоспарланып отыр.
16 наурыз «Шежіре» және 17 наурыз «Тарихқа тағзым» күндері Мұнайлы және Қарақия аудандарында «Ақ жол» жастар театрының әуесқой әртістері барады. Жастар театры драматург Өтен Ахметтің «Елім деп өткен ер Жалау» қойылымын сахналап, аудандық және қалалық мұражайларға тақырыптық экскурсия ұйымдастырады.
17 наурыз күні «Тарихқа тағзым» тақырыбымен облыстық жас ақындар айтысы өтсе, 18 наурыз «Игі істер күнінде» – Маңғыстау облыстық волонтерлар корпусы Ақтау қаласындағы №69 түзету мекемесіндегі сотталған азаматтарға кітап сыйлайды.
19 наурыз күні Маңғыстау ауданында «Шымырлық пен шеберлік» атты жарыс өтеді. Онда жас құсбегілер сынға түседі. Сондай-ақ асық атып, арқан тартып, күш сынасады. Жаңаөзен қаласында садақ атудан республикалық жарыс болады. Ал Ақтау қаласында жас қылқалам шеберлері мерекеге байланысты тақырыптық сурет салады.
20 наурыз «Зияткерлік күні» Маңғыстау облысының тоғызқұмалақ федерациясымен бірлесіп жастар мен жасөспірімдер арасындағы тоғызқұмалақ ойындарының қалалық сайысы өтеді.
21-22 наурыз «Ұлыстың Ұлы күні» – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай теңіз жағалауында қала тұрғындары мен қонақтарына мурал таныстырылады.
«14-22 наурыз аралығында «Ұлттық тағамдар күніне» орай Маңғыстау облысының тұрғындары «инстаграм» әлеуметтік желісіне Наурыз мейрамында дайындалатын тағамдардың әзірленуін, дастархан жаю әдебін көрсететін бейнероликтер байқауы және Қарақия ауданы жастарына арналған ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін дәріптейтін «Берекелі, мерекелі – әз Наурыз» атты бейнеролик байқауы жарияланады. Байқауға қатысушылар #MangystauNauryzFest2021 #НаурызМәзірі хэштегтерін ұмытпауы керек.
Облыс көлемінде ұйымдастырылған іс-шаралар әлеуметтік желілерде #MangystauNauryzFest2021 #МаңғыстауЖастары ресми хэштегтері арқылы жарияланады»,-деді Абылай Фазылбек.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА