Кеше Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева бастаған жұмыс тобы Ақтау қаласында орналасқан ірі сауда желілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері жалпы еліміз бойынша азық-түлік бағасының көтерілгені байқалған. Ж.Тоқбаеваның айтуынша, мониторинг кезінде анықталғандай, өткен аптамен салыстырғанда кейбір азық-түлік бағасында өсім жоқ.
Жұмыс тобы "Дина", "Анвар", "Дана", "Алтын фуд" гипермаркеттері мен супермаркеттер иелеріне азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«ҚР Үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша «Жол картасын» жасақтаған болатын. Аталған «Жол картасы» бойынша осы наурыз айынан бастап облыста 44 шараны жүзеге асырамыз. Азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жасау мен азық-түлік өндірушілерін қолдауға басымдық беріледі», - деді Ж.Тоқбаева.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ