«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнай қалдықтары жатқан 10 тарихи полигонды тазартты. Оның алтауы «Жетібаймұнайгаз» кенорнында болса, ал қалған төртеуі «Қаламқасмұнайгаз» кенорнына тиесілі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеше Маңғыстау облысының Экология департаменті «Жетібаймұнайгаз» өндіріс орнына пресс тур ұйымдастырды. Негізгі мақсаты - кенорында қалған тарихи мұнай қалдықтарының тазалануына, май аралас топырақтың қалыпқа келуіне көз жеткізу.
Бұл ретте мұнай компания экологиялық талаптарды орындап, жер бетін мұнай қалдықтарынан сақтау үшін кешенді жұмыстарды жүргізіп жатқаны байқалды. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорың бірінші орынбасары Қалбай Әзімбайұлының айтуынша, 2019 жылы компанияға қарасты 800 мың тонна ластанған жер анықталған. 2019-2020 жылдары 350 мың тонна жер қалпына келтірілді.
«Компания 2019 - 2020 жылдары жоспар бойынша 9,6 млрд теңге қаражат қаралған. Десе де екі жылдың қорытындысы бойынша 25 млдр-тан аса қаржы игерілді. Нақтыласақ, мұнай қалдықтары мен ластанған топырақты жою, кәдеге жарату, қайта өңдеу және топырақ құнарлығын қалпына келтіру шаралары жүргізілді. Мұнай қорлары мен су жерлерді ауыстыру жұмыстары орындалды», - дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Әзімбайұлы.
Компания кешенді экологиялық рұқсатнамалар алу үшін алдыңғы қатарлы, қолжетімді технологияларға көшуге тура келеді. Бұл өз кезегінде компания үшін қосымша шығын болатыны анық. Алайда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ табиғат жанашыры ретінде қордаланып қалған проблемаларды шешу және алдын алу үшін экологиялық реформаны қолдайтынын айтты.
Еске сала кетейік, 2019 жылы жазда «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Соның негізінде мұнай компаниялары өз қалдығын өзі тазалауға, табиғатты қорғауға міндетті. Осы ретте кенорнында орындалған жұмыстарға облыстық Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов оң бағасын берді.
«Кенорнындағы жұмыстар экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Себебі бұл жұмыстардың басталуы мен аяқталуы Экология департаментінің бақылауында болады. Мамандар қадағалау жұмыстарын жүргізеді. Егер заңбұзушылық байқалса, тиісті шараларды қолданады. Топырақты мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары 2024 жылға дейін аяқталуы тиіс», - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Р. Төкенов.
Кенорнын мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстарын «West Dala» мердігер мекемесі жүргізді. Биыл бұл жұмыстарға жауапты мекеме әлі белгісіз. Себебі тендер енді жарияланады, талапқа сәйкес келген мекеме жауаркершілік жүктейтін болады.
Айта кетейік, компания қызметкерлері тазаланған орындарға ағаш отырғызуды жоспарлауда. Осылайша топырақты құнарлы етіп, оны пайдаға асыруды көздеп отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН