Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері облыстық балалар ауруханасына барып, дәрігерлерге алғыс білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ел амандығы үшін еңбек етіп жүрген дәрігерлерге әзербайжан, корей, неміс және осетин ұлтының өкілдері алғыс айтып, мерекемен құттықтады.
«Құрметті дәрігерлер, сіздердің еңбектеріңіз зор жауапкершілікті жүктейді. Сіздер әрбір баланың тілін табуға, аурудан айықтыруға атсалысасыздар. Бұл оңай іс емес. Себебі балалардың қай жері ауыратынын, оған не керек екенін түсіну кез келген жанның қолының келмейді. Тек сіздер ғана бала жанына үңіліп, денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгін айтулы күні сіздерге алғыс айтамын. Бұл бір-бірімізді қолдайтын, алғыс айтатын, жылулық сыйлайтын күн», - дейді корей ұлтының өкілі Раиса Маденова.
Ұлт өкілдерінің құттықтауынан кейін арнайы медицина қызметкерлеріне сый-сияпат табысталды. Тәттілер таратылып, ақ орамал берілді.
Шара соңында Маңғыстау облысы балалар ауруханасының директоры Аманбек Жумиров келген ұлт өкілдеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ұжымға арнайы келіп, медицина қызметкерлерін құттықтап жатыр. Біз өте қуаныштымыз. 2020 жылы індет кезінде медицина қызметкерлерінің атқарған қызметі орасан зор. Сондай-ақ балаларды емдеуде әрбір қызметкердің еңбегі еленгені әрі құттықтап жатқаны біз үшін үлкен мәртебе», - дейді ол.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН