Бүгін Маңғыстау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов өзінің алғашқы жұмыс күнінде "Маңғыстау Медиа" ұжымына келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А. Нұрдәулетов облыстағы Медианың жұмыс барысымен, қызметкерлерімен және медианың бүгінгі жай-күйімен танысты. Жаңа қызметке тағайындалған Аманғали Сүлейменұлы баспасөз қызметкерлерімен кездесіп, оларға шығармашылық шабыт тілеп, еңселі жаңа ғимаратты аралап көрді.
«Жаңалықтардың жаршысы – журналистерді бүгінгі «Алғыс айту» күнімен шын жүректен құттықтаймын. Облыстың даму жолында еңбектеріңіз зор. Нәтижелі жұмыс пен табандылық танытқан журналистердің қара шаңырағы - «Маңғыстау Медиа» басшысы Айсұлу Қабышқызына да алғыс білдіреміз», - деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Өз кезегінде «Маңғыстау Медиа» директоры Айсұлу Дүтбаева облыстық ішкі саясат басқарма басшысына алғаш жұмыс күнін Медиадан бастағанына алғысын білдірді.
«Алғыс айту» мерекесімен қатар келген кездесу бәрімізге де құтты болсын. Осы қызметтегі алғашқы жұмыс күніңізді Медиаға, журналистерге арнағаныңызға қуаныштымыз. Облыстық ішкі саясат пен Медиа еліміздің идеологиясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Еліміз үшін ынтымақтаса жұмыс істей беруге шын жүректен тілектестігімді білдіремін», деді Айсұлу Дутбаева.
Сонымен қатар, А. Нұрдәулетов «Маңғыстау» газетінің бас редакторы, ақын, журналист Ғалым Әріпті 61 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс, отбасына бақ-береке тіледі.
Туған күн иесі Ғ.Әріп өзін құттықтаған азаматтарға ыстық ықыласын білдіре келіп , «Әуелі бізге осынау жарық күнді сыйлаған Ұлы Жаратушыға, ұланғайыр ел мен жерді сыйлаған аруақты ата-бабаларымызға, содан кейін бір-бірімізге деген ілтипатымызды білдіріп, елдің рухы мен ұлттық сана-сезімін өсіруге, мәдениет пен әдебиетті дамытуға бірлесіп күш сала берейік. Алғысым шексіз» деп сөзін түйіндеді.