1 наурыз Алғыс айту күніне орай, Ақтауда қарттар үйінде мерекелік шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Шараға Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай және ұлттық-мәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Шарада әсем әндерден шашу шашылып, өңір өнерпаздары қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық нақышта орындалған ән мен жыр, күй, терме жиналғандарды дәстүрлі әндерге сусындатты. Атап айтсақ, халық әні “Сәулем-ай”, “Адай” күйі, “Елге сәлем”, “Мен қазақпын”, Ақтанның термесі, ескі әндерден попури сияқты шығармалар орындалды, делінген Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарияларды мерекемен құттықтап, өз тілегін білдірді. Сондай-ақ, шарада Алғыс айту күнінің мәні мен маңыздылығы айтылып, өзге ұлт өкілдері алғысын жеткізді.
“Көк байрағымыздың астында 130-дан астам ұлыс пен ұлт өкілдері тыныштықта өмір сүріп жатыр. Қазақ халқына алғысым шексіз. Бүгін үлкен кісілерге осындай шара ұйымдастырылуда. Көңілдері көтеріліп, жақсы болып қалды. Барлығына алғысым шексіз”,-дейді корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова.
Айта кетейік, шара аясында қарттар үйінде ұлттық нақыштағы бұрыш ашылды. Қазақтың киім-кешектері мен киіз үй бөлшектері қойылды.