Жақында Ақтауда пәтерді химиялық препаратпен дезинфекциялаудың салдарынан екі адам қайтыс болған еді. Қалалық санитарлық эпидемиологиялық стансасы басшысының айтуынша дезинфекцияланған пәтердің төменгі және жоғарғы қабатындағы көршілеріне у тараған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Химиялық препаратпен уланған пәтердің есігі тергеушілердің мөрімен жабулы тұр. 2 шағын аудандағы 19-үйдің тұрғындарының айтуынша, 25 ақпан күні жоғарғы қабаттағы пәтерде 10 айлық нәресте, артынша оның 29 жастағы анасы да көз жұмған. Кәмелетке толмаған бес бала уланудың кесірінен қазір ауруханада жатыр. Ал облыстық аурухананың кардиореанимация бөліміне 68 жастағы әйел мен 34 жастағы ер адам ессіз күйде түскен.
Қазіргі таңда гемодинамиканы тұрақтандырдық, есі анық. Толықтай байланыс жасай алады, сөйлесіп жатыр. Барлығын танып жатыр, - деді Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі Мәулен Жұмаділаев.
Көршілеріне ескертпестен өз бетінше дезинфекция жасаған ақтаулық тұрғынға қатысты Қылмыстық кодекстің санитарлық нормативтерді бұзу бабының адамдардың өліміне және улануына әкеп соққан әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұл жағдайды көршілерден естідім. Нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ бәріміз қауіптеніп қалдық, не дегенмен у ғой, - деді тұрғындардың бірі.
Тазалық мамандарының айтуынша, пәтер ауыл шаруашылығына арналған «Квикфос» химиялық препаратымен дезинфекцияланған. Ал Ақтаудағы кез келген базардан жәндіктерді улауға арналған препараттарды оңай табуға болады. Біз де сатып алмақ болып көріп едік. Сатушылар мұндай препараттың түр-түрін ұсынды.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ