Құланды ауылында тұратын жас кәсіпкер Даниял Төлеуіш «AQ DAM» брендтік үлгісімен ұлттық дәмдерді арнайы қаптамада дайындайды. Бұл туралы Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол түйе және сиырдың сүтінен таза табиғи өнім даярлап, отбасылық шағын кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бұл істе оған анасы мен қарындасы көмектесіп отыр. Әзірге олар өнімдерді үй жағдайында, қазанда қайнату арқылы дайындайды.
«Алдағы уақытта кәсібімді ұлғайтып, тұтынушыларға табиғи өнімді қолжетімді етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат етіп отырмын», - деді ол.
Айта кетейік, өнімдер қатарында ірімшік, құрт, балқаймақ, ірімшік, рафаэлло тағы да басқа өнім бар.
«Біздің өнімге сұраныс өте жоғары, ата-әжелерімізден қалған рецептімен дайындаймыз. Тапсырыс берушілер өнімге риза. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар», - деді кәсіпкер.