Әуелі барша мақтау-мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тағалаға болсын! Және Пайғамбарымызға оның Сахабаларына Алланың ізгі сәлемдерімен, салауаттары нәсіп болсын!
Ең ғажап үгіт-насихат Құран мен Хадис екенін ескере әрі ескерте отырып, бір аят аясында сөз қозғасам, Құран аятында:
«Ол (Алла тағала) – қайда болсаңдар да, сендермен бірге. Расында, Алла тағала не істеп, не қойып жатқандарыңды көріп бақылаушы» (Хадид, 4) делінген.
Бұл аят баршамызды Иман мен Ихсанға жетелейді. Иман деп – шынайы жүрекпен сенуге айтылады. Ал Ихсан болса Иманның нәтижесі, яғни Аллаға деген сенімнің артқаны соншалық өзіңді Алла алдында жүргендей, Алла көріп тұрғандай сезіну.
Әуелі адамға Иман парыз. Иман – адам баласына берілген ең үлкен байлық. Тек иманды адам ғана әрі бай, әрі бақытты саналады. Демек адам ретінде біздің таңдауымыз – бай болуды емес, иманды болуды таңдау. Жасар амалымыз Иманымыздың дұрыстығымен өлшенеді. Иман дұрыс болмайынша амалдың дұрыс болуы мүмкін емес. Иман сүріп жатқан ғұмырымызға мән-мағына береді. Мәселен, тағдырға иман етудің өмірімізге берер пайдасы – біз Аллаға ғана тәуекел етуді санада тұтатын боламыз, Алла біз үшін не қалаған болса ешқашан қарсылық танытпастан разы болуға тырысамыз. Пайғамбарымыз (ғәләйһи сәләм) жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюда көбінесе «Кімде-кім Аллаға және Ақырет күніне иман еткен болса...» сөзін қолданатын. Өйткені бізді жақсылыққа шақырғанда сол жақсылыққа ұмтылдыратын, жамандықтан тосқанда сол жамандықтан қашыратын ол Иманымыз. Иманды адам үшін адал мен арамды айыра білу бар. Ал, имансыз адам үшін адал мен арамның ешқандайда бір айырмасы жоқ. Адам зейінін және қолдарын қолданып басқа жан-жануарлар, хайуанаттар секілді өмір сүре алуы мүмкін... бірақ адам секілді өмір сүру ол тек Иманмен ғана жүзеге асатын нәрсе. Жан-жануарлардың туа салысымен көп ұзамай көздері ашылады екен. Ал, адамдарда тек Иман еткен кезде ғана көздері ашылады.
Жүрегімізге бекіткен Иманымызды сақтап қалудың ең үлкен жолы ол - Ихсан.
Ердос Ережеп,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің наиб-имамы