Бүгін Ақтауда Ауған соғысында қаза тапқандарды еске алу шарасы өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары Әбілхайыр Байпақов, Ауған соғысы ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиналғандар соғыста қаза болған сарбаздарды еске алып, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Қала әкімінің орынбасары Әбілхайыр Байпақов ерлік көрсеткен ардагерлерге алғыс айтты.
«Бүгінгі егеменді ел жастары Ауған майданы ардагерлерінің қаһармандығынан тәлім алып, ел тыныштығын сақтау жолындағы ерліктерін бағалауы – қасиетті парыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақ даласында бейбітшіліктің көк туы мәңгі желбірей берсін»,-деді Ә. Байпақов.
Айта кетейік, биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 32 жыл. Ауған соғысына 444 сарбаз Маңғыстаудан аттанған болатын. Соғыста 8 азамат, яғни Сәлімжан Әлиев, Қуатбай Бектұров, Қалмырза Берішбаев, Андрей Кучеренко, Виталий Малышкин, Ахмет Қолдасбаев, Юрий Қоңыров, Адам Мұқылов қаза тапты. Олардың есімі – ел есінде.