Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың онлайн есеп беру кездесуінде Кендірлі ауылына қатысты сұрақ түсті.
«Өткенде сіз Кендірлі ауылының бірінші тасын қалап кеттіңіз. Жаңа ауыл түгілі, Жаңаөзеннің проблемалары толық шешілген жоқ. Сіз расында да Кендірлі ауылының дамып, өсетініне сенесіз бе? Әлде баяғы «Актау сити» сияқты құр сөз болып қала ма?», - деп сұрады қала тұрғыны К.Сариев.
«Негізінде 50-ші жылдары Жаңаөзен қаласын қай жерден саламыз деген сұрақ болыпты. Сонда біздің жергілікті азаматтардың ұсынған нүктесі – қазіргі Кендірлінің орны екен. Бірақ 1968 жылы, ССР-дың Жоғарғы кеңес президиумында, неге екенін білмеймін, жаңа қаланың координатын қазіргі Жаңаөзен қаласының нүктесіне бекітіп жіберіпті. Жалпы Кендірлі ауылын сол Жаңаөзеннің мәселесін шешу үшін де құрғалы жатырмыз. Теңіз жағасына жақын жерге орналасады. Тұрғындар жер алып, шаруашылығын дамытса дейміз. Теңіз жағалауына демалуға келгендерге қызмет көрсететін дүниелер ашса, кәсібін дөңгелетсе деген мақсатпен ауыл құрып жатымыз. «Ақтау сити» - үлкен жоба, ал «Кендірлі» - шағын ауыл. Жаңа ауылға қатысты жұмыстар басталып кетті. Бұйырса болашақта халқымызға жайлы жаңа елдімекен болады деген үміттемін», - деді С.Трұмов.