Жыл басынан бері өңір бойынша тұрғындарға 45 мың ЭКҚ берілді. Бүгінде оны Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ алуға толық мүмкіндік бар. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиал директоры Ербол Байжігіт мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Қазіргі күні ЭЦҚ алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ, тіпті кезек күтудің маңызы да шамалы. Бұл орайда еліміз бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс істеп тұр. Яғни, кез келген азамат ХҚКО ғимаратында өз бетінше кезек брондаусыз қажет қызметін ала алады. Нақтырақ айтсақ әкімдік, мектеп, балабақша секілді мемлекеттік мекемелерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары іске қосылған»,-деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ» АҚ МОФ директоры Ербол Байжігіт.
Айта кетейік, облыс бойынша 250-ге жуық өзіне-өзі қызмет көрсету секторы бар. Биыл 11 және 19 шағынауданда қосымша тағы екі орын іске қосылды.
Елде 2008 жылы көптеген мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болатын электронды цифрлық қолтаңба енгізілді. Артықшылығы – кез келген өңір тұрғыны электронды мемлекеттік қызметтерді қолтаңба арқылы өзіне ыңғайлы уақытта өтініш беру мүмкіндігі бар.