Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов қоғамдық қабылдау өткізді. Алдын ала қабылдауға жазылған 80 тұрғынды жеке қабылдап, толғандырған мәселесін тыңдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қоғамдық қабылдауда басқарма басшылары мен аудан әкімдері түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Халықтың басым бөлігі тұрғын-үй, жұмыссыздық, газ, су мәселесі бойынша келген. Сонымен қатар «ақшамны көбейтемін» деп алаяқтарға алданып қалған салымшылар да бар.
Тұрғын-үй мәселесі толғандырған тұрғынның бірі – Оразбибі Жарылғасова. Мұнайшыдан келген зейнеткер өзіне емес, немересінің жағдайына алаңдаулы.
«Қайтыс болған ұлымның қызы бар еді. Айлығының көбі үй жалдауға кетеді. Енді тұрғын үй мәселесінің шешімін табу үшін, аймақ басшысынан көмек сұрап келіп отырмын. Жетім балаға көмек беретін шығар деген ниетпен. Әлі қабылдауына кірмедім, кезегім енді келеді», - дейді Оразбибі Жарылғасова.
Оның айтуынша, немересі Мұнайшыда үй кезегінде тұр. Егер кезегі жетсе, Ералыдан үй беріледі екен. Алайда зейнеткердің немересі Ақтауда жұмыс істеп, болашағын осы қаламен байланыстыратынын айтып отыр.
Одан бөлек тұрғындарды коммуналдық қызметтерге қатысты сұрақтар мазалайды.
«Таңертеңнен бастап 16 адам қабылдауыма келді. Тұрғындар ауыз су, электр энергиясы және газбен қамту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар тұрғын үйлерді жаңа реформаға байланысты мүлік иелерінің бірлестігін құру жөнінде сұрақтарға жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз», - дейді Маңғыстау облысының Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Базарбайұлы.
Бүгінгі қабылдауға қаржыдан қағылып, сан соғып қалған салымшылар да келді. Олар ақшасын қайтарып алу үшін құзырлы орган қызметкерлерінен көмек сұрап келген. Ал мамандар болса, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кеңестерін айтты.
Қаржылық ұйымдарға ақша салып, кері ала алмай жүрген тұрғынның бірі – Б. Ж. (аты-жөнін жазбауды ұсынды). Ол «Выгодный займ» қаржылық ұйымына ақша аударған. Негізгі ойы салған ақшаны еселеп, көбейту болатын. Алайда ойға алғаны олжалы болмаған.
Осы ретте Тергеу басқармасының бастығы Рустам Сатқанов облыста алданған 1000-нан аса салымшының бар екенін айтты.
«Қазақстанда қаржылық ұйымдарға алданып қалған 17 162 салымшы бар. Қазір Ақтөбе қаласында осы іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Салымшылар ломбардқа 300 мыңнан бастап миллионға дейін ақша салған. Қазіргі таңда 3 адам осы мәселені алға тартып келді. Түсіндірме жүргіздік», - дейді ол.
Ал Жаңаөзеннен келген тұрғын жұмыссыздық жайын қозғап, облыс әкімінің қабылдауынан шықты. Көңілінде бір күдік, бір үміт.
«Үш ұлым жұмыссыз жүр. Оқуын бітіріп, дипломдарын алған. Бірақ жұмыс жоқ. Жаңаөзен қаласындағы жұмыспен қамту орталығына барып, түйіндемесін тапсырдық. Осы мәселе бойынша министрлікке де хат жаздым, жауап әлі жоқ. Бүгін облыс әкіміне келдім, мәселемнің қаралатынын айтты», - дейді Қарлығаш Бимағамбетова.
Бұл ретте Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсет Жоламанұлының айтуынша, көп адам бірден мұнай саласына жұмысқа орналасуды қалайды.
«Жаңаөзендік жастар мұнай саласында жұмысқа орналасуды қалайды. Қазір мұнай саласында адам қабылдаудан бөлек, керісінше мұнайшыларды қысқартпау мәселесін қарастырып жатырмыз. Жаңаөзенде жұмыссыз жүргендерді, тіпті, Ақтауға шақырамыз. Жатақхана да бар. Бірақ облыс орталығына келгісі келмейді. Тіпті, қысқа мерзімді кәсіптік оқу да оқытылады. Бұл ретте Жаңаөзенге көп мүмкіндік беріледі. Қазіргі таңда қызмет көрсету саласы, мұғалім мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары бар», - дейді Әсет Жоламанұлы.
Қабылдауға келгендердің сұрағы жауапсыз қалмайтынын, тіпті жазбаша жауап беретінін айтып отыр басқарма басшылары. Еске сала кетейік, ертең облыс әкімі Серікбай Трұмов халық алдында онлайн есеп береді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ