Облыста жаңартылған энергия көздерін дамыту бағытында Батыр ауылында қуаты 2 МВт күн электр станциясы, Ақшұқыр ауылындағы қуаты 5 МВт жел электр станциясы және Форт-Шевченко қаласында қуаты 43,6 МВт жел электр станциясын салу жұмыстары іске асып жатыр. Бұл туралы бүгін өткен аппарат жиынында Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй комуналдық шаруашылығы басқарма басшысы А. Хамиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2020 жылы Жетібай ауылында қуаты 10 және 5 МВт жел электр станциясы іске қосылған болатын. Сонымен қатар алдағы уақытта Бейнеу ауылында 20 МВт жел электр стансасы және Шетпе ауылында 20 МВт күн электр стансасын салу жоспарланып отыр.
«Аталған жобаларды ҚР Энергетика министрлігімен аукцион өткізіп, инвестор компанияны анықтайтын болады. Қазіргі таңда министрліктің мәліметіне сәйкес, ашық аукционды берудің кестесі жасақталып жатыр. Әкімдік тарапынан жер учаскесі резервтеледі және бөлінеді», - дейді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй комуналдық шаруашылығы басқарма басшысы А. Хамиев.