Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов аппарат жиынында тұрғын үй құрылыстарын кешеуілдетпей, мерзімінде пайдалануға беруді қатаң тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл өңірде 6 мектептің құрылысы басталды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевтың айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 1 290 адам жұмысқа тартылды. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласы, Қызылсай кентінде 50 орындық дәрігерлік амбулатория құрылысы, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 160 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Жетібай ауылында құқық қорғау органдарына арналған ауылдық полиция бөлімшесі ғимаратының құрылысы аяқталды. Ал Ақтауда 23 шағынаудандағы әкімшілік ғимаратын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.
«2021 жылы Мұнайлы ауданы Батыр селосындағы 80 пәтерге арналған 6,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 72 пәтерге арналған 3,9 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, несиелік тұрғын үй бағыты бойынша Ақтау қаласында 85,9 мың шаршы метрді құрайтын 1 282 пәтерге арналған тұрғын үйлер құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр», - дейді Шабай Тәжіғараев.
Оның айтуынша, биыл жартыжылдықта Ақтау қаласының 18 шағынауданындағы тұрғын үйлерді рәсімдеу жұмыстары жүргізіледі. Ақтау қаласының 19а шағынауданындағы 432 пәтерлік тұрғын үй 2021 жылдың 3-тоқсанында аяқталады. Сонымен қатар биыл «АҚҚУ» шағынауда 3-кезекті тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталады. Соның ішінде 443 пәтерге арналған 2 тұрғын үй 1-ші тоқсанда аяқталу жоспарланған.