Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай 83 жасында дүниеден озды.
1937 жылы 21 қарашада Астрахань облысы, Володар ауданы, Құрмалай селосында туған Әнес Сарай 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң, 1964–1965 жылдары «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, Балқаш қалалық телевизиясында аға редактор (1966), 1967–1971 жылдары «Жас Алаш» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі, бөлім меңгерушісі болды.
1971–1982 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, 1982–1984 жылдада Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1978–1997 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында Бас редактордың орынбасары, Бас редактор қызметін атқарған Әнекең соңына мол мұра қалдырған қаламгер.
«Мұнарлар шақырады» деген атпен алғашқы әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. 1989 жылы орыс тілінде «Қараша айы келгенде» кітабы шықты. «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұқым менің», «Аңсау», «Тымырсық» пьесаларының авторы. «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдерінің сценарийлерін жазған. «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған Әнес Сарай 1998 жылдан бастап өмірін шығармашылық жұмысқа арнап, тарихи шежірелік дүниелерге бет бұрды. Соның нәтижесінде «Көнеліктер», «Ноғайлы» т.б құнды кітаптар жарық көрді.
Қазақ әдебиетінде Әбу Сәрсенбаевтың прозадағы жолын жалғастырып, теңіз тақырыбына қалам тартқан қаламгердің әр жылдары «Мұнаралар шақырады» (Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1969), «Қараша өткен соң» («Жазушы», 1971), «Бозқырау» (Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1973), «Тосқауыл» (Роман. А., «Жазушы», 1976), «Алтын арал» (Роман. А., «Жазушы», 1984), «Ақ тымық күн» (Роман. А., «Жазушы», 1989), «Асылдың сынығы» (Роман. А., «Жазушы», 1996), «Исатай – Махамбет тарихы» (А., 1997) «Адайлардың арғы тарихы» (Роман. А., 1998) шығармалары басылып шықты.
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН