Бүгін Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындар алдында онлайн есеп берді. Ол алдымен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, атқарылған жұмыстарды баяндады.
Қала әкімінің айтуынша, былтыр құрылыс, өңдеу өнеркәсібінің көлемі жоғары нәтиже көрсетті. Халық саны 203 536 адамға жетті. Ол облыс бойынша (717 518) халық санының 28,4%-ын құрайды.
Сонымен қатар 2020 жылы шағынаудандарды абаттандыру жұмыстары мен қоғамдық көліктердің жаңарғанын атап өтті.
«6 шағынауданға (2,6,7,12,26,27) толығымен абаттандыру жүргізілді (автожолдар – 67,2 км, тротуар – 45,8 км, 63 балалар ойын алаңы, 22 спорт алаңы). 15 шағынауданындағы тұрғын үйлердің аула аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Өздеріңізге белгілі, 18 жаңа автобус сатып алынып, №3, №8 бағыттары бойынша қосылды. Кейін 30 жаңа автобус №5, №107 бағытына берілді. Бастысы, халық қуанып жатыр»,-деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиында қала тұрғындарынан 70-ке жуық сұрақ келіп түсті. Басым бөлігі баспанамен қамту, шағынаудан ішін абаттандыру мен инженерлік желімен қамтамасыз ету, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, көшелерді жарықтандыруға қатысты болды. Қала әкімі аталған сұрақтарға жауап беріп, әр мәселені өз бақылауына алатынын айтып өтті.
Тұрғындардың бірі жұмыссыз жастардың мәселесіне байланысты сауал жолдады. Қала әкімі жастарға жұмыстың ауыр не жеңіліне қарамай, тынымсыз еңбек ету керектігін айтты.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Г. Қалмұратова қала әкіміне бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Оның ішінде инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, макрокөрсеткіштерді тұрақты ұстау, жастарды қолдау, жұмыссыздық деңгейін азайту, көшені жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстарын қадағалауды бақылауда ұстау керектігін айтты.