Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Жансая Монтаева Гонконг Баптист университетінің (HKBU) білім грантын жеңіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты білім ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Білім гранты – 190 мың гонконг доллары. Бөлінген қаражат оқу ақысын, жатақхана, тамақтану және тағы да басқа шығындарды өтеуге жұмсалады.
«Оқу орны құжаттарды 2020 жылдың күзінде қабылдай бастады. Ол үшін ең бастысы IELTS сертификаты болуы керек еді. Мен емтиханнан 7.0 балл алдым. Мамандығымның адамдармен қарым-қатынасқа тікелей бағытталғанын қаладым. Сол үшін де аталған жоғарғы оқу орнына «әлеуметтік ғылымдар» мамандығына тапсырдым», - дейді зияткер.
Жансаяның айтуынша, университетке құжат тапсырудан бөлек университет профессорларымен бірге онлайн-сұхбат та өткен.
Соңғы деректерге сүйенсек, HKBU Азиядағы үздік 50 университеттің, ал әлем бойынша 300 университеттің қатарында. Жоғары рейтинг пен материалдық базамен толық қамтылған. Сондықтан да мұнда студенттер әлемнің түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Университет ағылшын және қытай тілінде оқытады. Қытайдың ежелгі университеті тәжірибелері мен жоғары технологиялық техникалар арқылы оқытуымен әйгілі.
«Мені жоғары оқу орнына дайындап жатқан мектебіме, ұстаздарыма, кәсіби бағдар беру кеңесшісіне алғыс білдіргім келеді. Себебі олардың еңбектері ұшан-теңіз. Зияткерлік мектептің ұстаздары өмір бойы білім алуға тәрбиелейді. Соның арқасында біздер жетістік шыңдарын бағындырамыз. Енді мен мұғалімдерімнің еңбегін ақтап, ҰБТ-да өте жоғары балл жинауым керек», -дейді Жансая Монтаева.
Жансая Монтаева – Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің белсенді оқушыларының бірі. Оқу орнындағы «Мейірім өскіні» қайырымдылық қорының жетекшісі. Ол осы күнге дейін оқушылар мен ұстаздар көмегінің арқасында Маңғыстау облысының әлеуметтік тұрмысы төмен жүздеген отбасыға көмек көрсетуге атсалысқан.