Қазір өңірдегі І және II деңгейлі инфекциялық стационарда 57 адам емделіп жатыр. Соның 8-і тест тапсырып, сынама оң нәтиже көрсеткен.
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева айтты.
«Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде 5 науқас жатыр. 4 науқастың жағдайы ауыр, 1 науқас өте ауыр хәлде жатыр. Біреуі тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп. Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 27 пайызды құрайды. Сондай-ақ Маңғыстауда жедел-жәрдем автокөлігінің санын көбейту мақсатында 62 реанимобиль алынады. Қазіргі уақытта 20 жедел-жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауылдық елді-мекендерге 34 медициналық УАЗ автокөлігі алынады. Күні кеше 2 жылжымалы медициналық кешен алынып, Қарақия және Түпқараған ауданына берілді», - деді Жамал Жаманбаева.
Облыс көлемінде 215 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын бар. Реанимациялық төсек саны - 43. Анықтамасыз шетелден келген ҚР азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантиндік стационарларда 270 төсек орын бар.